Қайрат Сәрсеновтің бақшасында 200-ден аса алма ағашы жеміс берген
Атыраудағы бір ауданның тұрғыны Қайрат Сәрсенов 200-ден аса алма ағашын жайқалтып отыр. Бағбан өнімнің тең жартысын әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жетімдер үйіне үйлестіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әр ағашты баладай баптайтын бағбан әр талдан 30-40 келі өнім алады. Жазы ыстық, әрі сазды өңірде жеміс өсірудің қиындығы бар. Ол 8 түрлі жеміс ағашын отырғызған. Биылдың өзі 50-ге жуық жасыл желек егіп, қажетті дәрумендерін салып, алма бақты жайқалтып отыр.
– Жер қатты, кезінде қара ағаш та шықпаған. Осы жерді отбасымызбен баптап, күтіп, тыңайтқыш салып, жеміс ағаштарын отырғыздық. Атырау облысының экологиясы жыл сайын күрделеніп барады. Соған орай аудан тұрғындарын тал егіп, ауданымызды көгалдандыруға шақырамын, – деді бағбан Қайрат Сәрсенов.
Бағбанның айтуынша, жеміс өсіру шаруашылығында алма сортының ерекше маңызы бар. Сондықтан бау ағаштарын еккенде ең әуелі сорттарды дұрыстап таңдап алуға ерекше назар аудару қажет. Ол бақ өнімін отбасы игілігіне айналдырып, табиғат берген сыйдың қадірін ұғынуды балаларына да айтып, әке жолын жалғауды мықтап тапсырған.
– Әкемен бірге 8 түрлі алма ағашын, талдарды егіп, суарып жүрміз. Балаларды еңбек етуге шақырамын. Бастапқыда сенбедік, қазір алма ағашының жемісін жеп отырмыз. Алдағы уақытта қайырымдылық қорларына жемістерімізді жібереміз, – деді Қайрат Сәрсеновтің ұлы Әбдірахман Қайратұлы.
Әкелі-балалы бағбандар өңірдегі жиырма шақты отбасыға тұрақты түрде көмек көрсетеді. Бар өнімнің біршама бөлігін жерлестерімен бөлісуді жөн көрген олар жұма сайын мұқтаж жандарға азық-түлік таратуды да әдетке айналдырған.
Ал шаруашылықта алма мен жүзімнен өзге қарақат, өрік, алмұрт пен шабдалы да жайқалып тұр. Осылайша, топырағы құнарлы шөл далада жайқалтып бақ өсірген жігерлі азамат облыс халқына тропикалық жеміс өсіруді ұсынбақ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Атырауда түнде көше кезген 35 жасөспірім анықталды