Прагада екі пойыз соқтығысып, ондаған адам зардап шекті

19.09.2024 02:19

Оқиға орнынан 200-ге жуық жолаушы эвакуацияланды

ceskenoviny.cz

Прагада теміржол апатынан кемінде 25 адам зардап шекті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Чех полициясы X әлеуметтік желісінде хабарлағандай, Праганың 8-ауданында, көпірге жақын маңда екі пойыз соқтығысып, соның салдарынан бірнеше адам жарақат алған.

«Кейінірек Прага медициналық құтқару қызметі 25 адам құтқарылғанын, олардың көпшілігі аяқ-қолынан немесе басынан жарақат алғанын хабарлады», - делінген хабарламада.

«Чех темір жолдары» мекемесі арнайы пойыздағы 200-ге жуық жолаушыны эвакуациялағанын хабарлады.

Жергілікті БАҚ жазуынша, жолаушылар пойызы рельсте тұрған пойызға соғылған.

Полиция «немқұрайлық» деп бағаланған оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Жүргізушілердің бірінен алынған талдау нәтижесі оның алкогольді ішімдік ішкенін көрсетті.

Оқи отырыңыз: Еуропада су тасқыны құрбандарының саны 22-ге жетті