Жиында тұрғындар әкімге екі жарым сағат ішінде 90-ға жуық сауал қойып үлгерді
Сұрақтан бұрын, алғыс жауған күн. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халықпен кездесуі нәтижелі екенін дәлелдеді. Бүгін атқарылып жатқан жұмыстарға риза болған Жетісу ауданы тұрғындары осылай деп алғыс білдірді. Дүйім ел сұрақтарының барлығы назарға алынып, мәселелері бірте-бірте шешілгенін жеткізді. 105 күн бұрын өткен кездесуде халықтан 80-ге жуық сұрақ түскен. Оның 50 пайызы оң шешімін тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының әр аудан тұрғындарымен екінші мәрте кездесуді бастаған Бақытжан Сағынтаев бүгін жетісулықтармен кездесті. 5 жыл бұрын қалаға қосылған «Кемел» ықшамауданындағы 220 шақты адам сиятын мәдениет үйінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті халыққа кездесуді екі залға бөлініп, лед экран арқылы көруге тура келді. Тұрғындардың әрқайсысы шаһар басшысына арыздарын арқалап, жауыр болған мәселелерін жеткізуге асық. Дегенмен, қала басшысы алдымен өткен жолғы кездесудің нәтижесін сараптап алуды жөн көрді.
«Өткен жолы келесі кездесуіміз «Кемел» ықшамауданында болсын деп айтып едім. Өйткені көптеген сұрақтар сол «Кемелден» түскен еді. Сол уәдемді орындап, міне алдарыңызға келіп тұрмын», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Өз кезегінде, Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов өткен кездесуді қорытындылады. Атап айтсақ, 80 шақты сұрақтың тең жартысы шешілген. Қалғанына уақыт қажет. Мәселен, Жансүгіров көшесі бойындағы тұрғындардың басым бөлігін алаңдатқан өтемақы мәселесі еді. Қазіргі таңда сүрілетін 117 үйдің иесіне 3 миллиард 600 миллион теңге көлемінде қаржы төленген. Сондай-ақ, ер азаматтардың өзі көздеріне жас алып, отбасыларымен тұратын жалғыз баспаналарын рәсімдей алмай жүргендерін айтқан еді. Араға үш ай салып, комиссия 300-дей үйді тексерген. 52-сінің құжатын қарастыруға алса, 47-сі әлі қабылдауға дайындалу үстінде. Қалған үйлердің жайы заң шеңберінде шешіледі.
«Өткен кездесуде 52 тұрғын 78 сұрақ қойды. Оның 34-і қайталанған сауалдар екен. Әсіресе, халықты толғантқан жасыл желек жайы болыпты. Қапшағай жолы бойына 500-ден астам ағаш отырғызылды. Одан бөлек, жыл басынан бері «Көкжиек», «Көкмайса», «Айнабұлақ» және «Құлагер» ықшамаудандарында 4 мыңға жуық жасыл көшет егілді. 3 жылдық Jasyl Almaty бағдарламасы аясында аудан аймағында 30 мың ағаш отырғызылады деп жоспарлап отырмыз», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Кейін тұрғындар уақыт созбастан бірден сұрақ-жауапты бастап кетті. Кездесуде халықтың басым бөлігі өз басына би болып алған пәтер иелері кооперативінің жайын жасырмай айтты. Шындыққа қол жеткізе алмай жүйкелері әбден тозғанын ашына жеткізді. Қойылған сауалдар қатарында ескі үйлерді сүру, мектеп пен балабақша жетіспеушілігі, қоғамдық көлік тапшылығы, жолдың сапасы, су құбырының жоқтығы болды.
«Мен Шелехова деген көшеден келіп тұрмын. Біздің көшеде қазір құбыр салып жатыр. Су жүргізіп жатыр. Ал, ең бастысы біздің Шелехова 1,2,3 үйлерден бастап -те жасады да, ары қарай 43 үйден бастады. Бер жағында біз тұратын 10,12,14,16,18 20,24,26 үйлерге су жүргізбей жатыр. Сіздер сметада жоқсыздар. Сіздерге су қоймаймыз дейді», - деді бір тұрғын жыларман боп.
«Ол көшені білеміз. Қазір мердігерлердің тарапынен қосымша жоба жасап жатырмыз. Бұл көшелерді қосамыз. Келесі жылдың көктемінен қалдырмай бітіріп береміз», - деді Алматы қаласы әкімдігі энергетика басқармасының басшысы Әсет Масабаев.
Микрофонға кезекке тұрған халық арасында сұрақ қоюдан бұрын әңгімесін алғыс айтудан бастағандар көп болды. Шеткі аудандарда тұратын олар өздерін құдды орталықта тұратындай сезінетіндерін айтты. Себебі, жайлы өмір сүру үшін бар жағдай жасалып келеді деп қуанды.
«Бақытжан Әбдірұлы! Командаңыз да! Біз енді өзімізді қаланың шеті санамаймыз. Себебі сіздердің қамқорлықтарыңызды сезіп жатырмыз», - деді бір тұрғын.
«Қайырлы күн. Алдымен, Бақытжан Әбдірұлы, өзіңізге алғыс айтқым келеді! Біздің «Жұмысшы поселкі» атынан өзіңізге мың рахмет. Үш-ақ айдың ішінде сіз біздің жолдарды асфальттап, балалар ойын алаңын жасақтатып бердіңіз. Ол ешқандай бюджетте де жоқ болатын. Енді спорт алаңы салынып жатыр. Яғни, дәл сіз көрсеткендей қамқорлықты біз бұрын соңды сезінген емеспіз», - деді келесі бір тұрғын.
Қала басшысы халықты сандалтып ары бері жүгіртетін басшылардың жұмысын сынға алды. Сұрақтан қашпай шешуге ұмтылып, жөн сілтеп жіберу қажет деді. Сонда мәселелер қордаланбайды, дүйім елдің билікке деген сенімі арта түседі. Себебі, кездесуде қойылған сұрақтар қайталанды. Ал кейбірі егер аудан көлемінде қаралса шешілетін жөні бар. Әрине, арасында қала деңгейінде қарастыратындары да кездеседі. Дегенмен, жұмыла көтерген жүк жеңіл деген қала басшысы мәселені бірігіп шешуге шақырды.
«Cіздерге бүгін осында уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет! Көптеген сұрақтар көтерілді. Проблемалар айтылды. Оның ішінде біздің адресімізге де жылы сөздер айтып жатсыздар. Оған мың да бір рахмет! Біздің жұмысымыздың өзі - Сіздерге көмектесіп, жұмыстарыңызды шешуге бағытталған», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жиында тұрғындар әкімге екі жарым сағат ішінде 90-ға жуық сауал қойып үлгерді. Шаһар басшысы тұрғындардың барлық сұрақтарын түртіп алды. Енді алдағы аптада Бақытжан Сағынтаев басқа да аудандарға ат басын тіремек. Өз кезегінде xалық бұрындары әкімдікке кіре алмайтындарын айтып, мұндай ашық кездесудің жиі болғанын жөн деп тарқады.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы