Биыл Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол барша қазақстандықтарды Рамазан айында игі істер жасап, дұға тілеуге шақырды. Төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде мешіттер мен дәмханаларда, яғни қоғамдық орындарда ауызашар беріле ме? Тарауық намазы оқыла ма? Бас мүфти осы сұрақтарға да жауап берді.
Карантин кезінде, әлбетте мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда ауызашар беруге тыйым салынады. Ал, ауызашарды әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен өткізуі керек. Бұл жұқпалы індеттің таралуының алдын алу үшін қолға алынған шара, деді Бас мүфти. Ол қазіргі жағдайға орай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде келесідей қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырды.
«Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, тағы да кімнің қандай мүмкіншілігі бар, шамасы келгенше осы айда көбірек сауап жасауға тырысуға шақырамыз», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ.
Тарауық намазы да мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуы қажет. Осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз, деді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы
«Құрметті жамағат! Әрине, біз әр жылы Рамазан айы келуіне байланысты көп дайындық жасап, ауыз ашар беретінбіз. Тарауық намазына қатысатынбыз. Хатым-құрандарға қатысатынбыз. Биыл енді, өкінішке қарай, төтенше жағдайға байланысты бұл шараларымызды, бұл құлшылығымызды уақытша тоқтатуға тура келіп тұр. Дегенмен, құрметті ағайын, дұғамен ел көгереді дейді. Біз бүгіннен бастап, Рамазанға дейін дұға жасаймыз, Рамазан айында дұға жасаймыз. Алла қаласа, жақын күндерде қасиетті Алланың үйі мешіттерімізге оралып, жамағатпен намаз оқимыз деген үмітіміз бар», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ.
Бас мүфти қасиетті айда көбірек игі іс жасауға шақырды. Ата-анамыздың, үлкен кісілердің дұғасын алып, жақындарымыздың қал-жағдайын, науқастың көңілін сұрауға үгіттеді. Мүмкіндігімізге қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беруге кеңесін берді.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан