Алматыда жертөлесін су басқан үйлерді құрылыс компаниялары өз қаражатына қалпына келтіреді. Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша, арнайы комиссия топан су басқан тұрғын үйлерді тексерді. Нәтижесінде баспаналардан бірнеше ақау анықталған. Бұл жаңа үйлердің бәрі мемлекеттік бағдарлама аясында салынған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жақында ғана қоныс тойын тойлаған тұрғындар қуанышымыз көпке созылмады дейді. Өткен демалыста толассыз жауған жаңбыр әбден әбігерге салыпты. Үйлерінің жертөлесі суға толып, аулаларында жаяу жүру мүмкін болмай қалған. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің пәрменімен арнайы комиссия құрылып, қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев бастаған топ су басқан үйлерді тексерді.
«Тұрғындар проблеманы кім шешеді деп іздеп жүрмеуі керек, проблеманы біз шешуіміз керек, біз осында болуымыз керек. Құрылыс компанияларға тапсырма берілсін, ақауды өз қаражатына жөндесін», - деді әкім орынбасары.
Құрылысшылардың сөзінше, Саялы ықшауданында 99 үй бар. Жобаға сәйкес мұнда су жиналатын бір-ақ шұңқыр қарастырылыпты. Оның көлемі – 24 текше метр. Нөсер жауын жауғанда шұңқыр суға толып, үйлердің жертөлесіне кіріп кетеді екен.
«Ол дренажды құдықтың тереңдігі 9 метр. Диаметрі – 1,5 метр. Ішіне су кіріп үлгере алмай, кері кетіп жатыр. Енді қазір проблеманы шешу жолдарын қарастырдық, су үйлерге қарай ақпайтын болады», - дейді Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Әділет ӘБДІҚАЛЫҚОВ
Тексеріс кезінде жолдағы асфальттардан да ақау анықталған. Мұндағы жолдар мердігер берген кепілдік уақытына дейін де шыдамапты. Әсіресе, құдықтардың маңайы опырылып түсіп жатыр.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары олқылықтың орнын толтыруға 10 күн уақыт берді. Сонымен қатар, мердігер компанияларға ескерту жасалды. Белгіленген мерзімде су басқан үйлер құрғатылып, арық жүйесі жасалу қажет.
Өмір Әнуарбек, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы