|
04.01.2023 | 20:56
6540

Есенжол Әлияров: Қаңтар оқиғасы – мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылудың анық белгісі

Бас прокуратураның ресми дерегі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты

Есенжол Әлияров: Қаңтар оқиғасы – мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылудың анық белгісі optimism.kz

238 адамның ажалына себеп болған Қаңтар оқиғасына бір жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр дәл осы күні Жаңаөзендегі бейбіт шеруді қолдап, Алматыда да қалың жұрт алаңға шыққан еді. Алайда алып шаһардағы демонстрацияның соңы жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласып тынды. Бас прокуратураның соңғы мәліметіне сүйенсек, дүрбелеңнен кейін барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, 931 адам күдікті деп танылды, 471 адам сотталды. Одан бөлек, кәсіпкерлік субъектілерге 37 миллиардтан астам шығын келтірілді.

Жаңаөзендегі наразылық акциясын қолдау мақсатында Алматыдағы жұрт 2022 жылдың 4 қаңтарында митингіге шықты. Жан-жақтан жиналған халық Almaty Arena маңына топтасты. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жағдайды бақылауға алуға тырысқанмен, қақтығысқа төтеп бере алмады. Қалың топ қала орталығына бет алып, қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні қалалық әкімдікке шабуыл жасалды. Осылайша шерудің соңы бүлікке, қантөгіске ұласты.

«Құрманғазы көшесінен жоғары, Абай даңғылына қарай қалың топ жүріп өтті. Нөмірсіз көліктер қаптап, ішінен жас жігіттер шығып жатты. Адамдар жүк көлігін тоқтатып, ішінен әскерилерді сүйреп алып шықты. Мен жақындауға қорықтым. Бәрі ызалы, сөз түсінетін ешкім болмады», – деді қала тұрғыны Мира Берген

5 қаңтарда қалалық әкімдік пен Президент резиденциясының түгі қалмай өртеніп кетті. Республика алаңына жақын орналасқан телеарна ғимараттарына да от қойылып, қиратылды. Одан бөлек, сауда орындары мен банктер тоналып, тұрғын үйлерге де залал келді.

«Есептеп қарасаңыз, көп зиян келтірілді. Бұл тұрғын үйде зейнеткерлер тұрады. Олардың қираған мүлкін қалпына келтіруге шамасы да, қаражаты да жетпеді. Сондықтан үкіметтен көмек сұрап, жөндеу жұмыстарын жүргіздік», – деді қала тұрғыны Мәнсия Жұмақанова.

Саясаттанушы Есенжол Әлияровтың айтуынша, бейбіт шерудің бүлікке ұласуы - бұл арандатушылардың жоспары. Сарапшы олардың басты мақсаты – мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру екенін атап өтті.

«Уақыт өте келе, біз қорытынды жасауымыз керек. Қаңтар оқиғасы – жаппай тәртіпсіздік, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылудың анық белгісі», – деді саясаттанушы Есенжол Әлияров.

Бас прокуратураның ресми дерегі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты. Оның ішінде тәртіп сақшыларынан бөлек, бейбіт тұрғындар да бар. Дүрбелең салдарынан мыңға жуық азамат зардап шекті. Ал Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Бұған дейін құзырлы орган өкілдері тіркелген қылмыстық істердің кейбірі сотқа жіберілгенін де хабарлаған еді.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир