Жамбыл облысында халық жаппай дәріхана жағалап дәрі таппай жүргенде, пысықайлар емдік препараттарды базарда сатып жатыр. Ешқандай сертификатсыз базар сөрелерінде қорап-қорабымен дәрі саудалағандарды құзырлылар анықтаған. Мамандар бұл дәрмектер контрабандалық жолмен келуі мүмкін екенін жасырмайды. Ал, жергілікті билік дәрі тапшылығын қалай шешпек? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Баеттің бейнематериалында.
Облыс орталығындағы ауқымды болған Ауыл-Береке базарының саудагерлері жылда қайталанатынын жағдай екенін айтады. Жылда кедергісіз дәрілерді сататын көрінеді. Ал, құзырлылар қала дәріханаларында бүгінде таптырмай тұрған аспирин және парацетамол сынды препараттардың мұнда қораппен қалай тап болғанынына таң. Жемқорлыққа қарсы департамент мамандары бұл тауарлардың контрафактілік жолмен әкелінуі мүмкін деп отыр.
«Бірнеше саудагерлерден сол жердегі дәрі-дәрмектер тәркіленіп, құзырлы органға әкімшілік құқық бұзушылық үшін жолданған болатын. Және де ол дәрі-дәрмектер біздің Қазақстанда тіркелмегені анықталған болатын. Яғни біздің дистрибьютерлердің ешқайсысынан өтпеген. Ол жерде біздің елімізге кіргендегі тіркеу нөмірі жоқ. Енді контрабанда болып саналады. Әрі қарай анықтау полицияның құзырында», – деді Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының орынбасары Равиль Төлебаев.
Бір күндік базардағы рейдтен шенділер 2502 дана салынған 5 қорап аспирин мен 600 даналы 1 қорап парацетамолды тәркіледі. Сонымен қатар, тағы бір тұрғын бағасы 170 тұратын цефтриаксонның 30 данасын 1500 теңгеден сатқаны үшін ұсталды. Қазіргі таңда құзырлылар облыстағы 500-ге жуық дәріхана иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағаны көтермеуін талап етті. Ал, алды кезекке толған дәріхана өкілдері, шын мәнінде, халық іздеген кейбір дәрілердің мүлдем жоқ екенін айтуда.
«Жылдық қорымыз 2 айдың ішінде өттіп жатыр. Біздің дәріханаларға тек дәрігерлердің тағайындауы бойынша келіп жатыр. Ал біз ол дәрілерді мұндай көлемде ешқашан жіберген емеспіз. Сол үшін бізде дәрінің тапшылығы табылып жатыр. Антикоагулянттар, глюкоцит, кортикостероид деген препараттардың көбісі бізде жоқ. Біз оларды ала алмаймыз», – деді «Әмір және Д» дәріханалар желісі басшының орынбасары Айнагүл Оразалиева.
Дегенмен бұл мәселе апта ішінде шешіледі деген үміт те жоқ емес. Бердібек Сапарбаев аталған препараттарды көршілес Ресей мен Өзбекстаннан алдыру үшін келісімге келгендерін жеткізді. Айта кетерлігі, облыста 109 қызметі қосылды. Мамандардың сөзінше, оған хабарласу арқылы барлық дәріханалар желісінде өзіңізге қажетті препараттың бар-жоғын білуге болады.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы