«Дайындық сыныбына қабылдамады»: Қонаев қаласында аутизмге шалдыққан балаларды оқытатын білім ошағы жоқ

Almaty.tv
Almaty.tv
Білім бөлімі басшысының айтуынша, арнайы сынып ашылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қонаев қаласында аутизмге шалдыққан балаларды арнайы оқытатын білім ошағы жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ата-аналар балалары қоғамнан оқшау қала ма деп алаңдайды. Мектептен бөлек, қаладағы түрлі спорт нысандары мен кешендер де оларды қабылдаудан бас тартатын көрінеді. Ерекше күтімді қажет ететін жеткіншектерді өсіріп отырған аналар мәселенің шешімін сұрап түрлі ұйымдардың табалдырығын тоздырған. Алайда еш нәтиже жоқ.

Айжан Абдраймованың кіші қызы 5 жаста. Тілінің мүкістігі бар. Дәрігерлер балаға аутизм диагнозын қойыпты. Биыл балабақшаны аяқтап, мектепке дейінгі дайындық сыныбына барады. Бөбекжай басшылығы бізде арнайы сынып жоқ деп қабылдамай қойыпты.  

«Мұндай балалар басқаларға қарағанда өте белсенді болады. Энергиясы басымырақ болады. Бастапқыда қызымды ақылы спорт секциясына бердім. Жаттықтырушысы оның ерекше қабілеті барын айтып, дамытуымды сұрады. Енді оны үйірмелерге берейін десем ешқайсысы қабылдамайды», – деді  ата-ана Айжан Әбдірайымова.

Қонаев қаласында Айжан секілді аналар аз емес. Білім басқармасы оларды үйден оқытуды ұсынып, мұғалімде тағайындап берген. Десе де, аналар оған қарсы. Балалар қоғамнан алшақ қалып, ортаға бейімделе алмай ма деп алаңдайды.  

«Қабылдамау, балаңыз жарамайды деген ол дұрыс емес. Ол – баланың құқығын бұзу деген сөз. Екінішіден, ол ата-анаға да өте қиын нәрсе. Сенің балаң мүгедек деп басып отыру. Мұғалім ол педагог. Айтып түсіндіру керек», – деді  ата-ана Бибігүл Ахметова.

Ата-аналардың айтуынша, қалада мұндай балалар үшін мектепте арнайы сынып тұрмақ, оңалту орталықтары да жоқ екен. Олар бас болып бірігіп, өздері ашуға ниеттенген. Ол үшін қала әкімдігінен қөмек те сұрапты.

Қала әкімдігі аядай бөлмені беріпті. Оның өзін ата-аналар басқарма басшыларының табалдырығын тоздырып жүріп әрең алдық дейді. Көрші бөлмеде жұмыспен қамту орталығының мамандары отырады. Оның үстіне ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін бөлмеде ешқандай жағдай жасалмаған.

Қалалық білім бөлімі мәселеден хабардар екен. Олардың айтуынша, жаңа оқу жылы басталғанға дейін 2 бірдей мектептен аутист балаларға арналған арнайы сынып ашылады екен. Ол үшін маманданған мұғалімдерге штат санын көбейтіп жатқандығын айтты.

«№3 орта мектепте және №4 Қайсенов атындағы орыс мектепте арнайы сынып ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл мектептерде инклюзивті кабинеттерді де ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. БІз «Болашақ» қорымен тікелей жұмыс жасап отырмыз. Орталыққа балалар туралы ақпараттарды, диагнозын бердік. Енді олар соны талқылап, өздерінің комиссиясы бар, сонда қарап бізге жауабын береді», – деді Қонаев қаласы білім бөлімінің басшысы Рахым Асылбекұлы.

Айта кетейік, аймаққа мемлекет және көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың аты жақында беріліп, Алматы облысының орталығы болған еді. Өңірді бөлек қала ретінде қарастырудың да мақсаты – қордалаған мәселереді жедел әрі тиміді шешу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Білім бөлімі басшысының айтуынша қазір қала бойынша 592 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 72-сі үйден оқыса, қалғаны инлюзивті білім берумен қамтылған.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров