Жауапты қызметкерлердің айтуынша, биыл дала өрті өткен жылмен салыстырғанда жиілей түскен
Адам басын айналдырар аптап ыстыққа даладағы шөптің өзі шыдас бермей жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаз айы басталмай жатып-ақ жасыл желектің бәрі сарғая бастаған. Салдарынан өрт қаупі жоғарлап отыр. Қаланың сырты деп қараусыз қалдыруға да болмайды дейді төтеншеліктер. Себебі кепкен шөптің кесірінен қазірдің өзінде өрт фактілері жиілеп кеткен көрінеді.
«1-2 жыл бұрын көрші кісінің үйі өртеніп кете жаздады. Жел соқса, өрт қауіпі жоғары. Жыл сайын, жаздан ары қарай, шөп құрғап, жаңбыр сирегеннен кейін өрт қауіпсіздігі алаңдатады», – деді қала тұрғыны Алтынай Нұрдыбекқызы.
Құрғақ шөптің жану қаупі Алматының шет аудандарында, әсіресе Алатау мен Наурызбайда басым. Себебі онда жазық аумақ көп. Мамандар ескерту мен түсіндіру жүргізсе де, далаға қоқыс тастайтындар мен темекі лақтыратындар аз емес дейді.
«Құрғақ шөптің кеуіп тұрған шағында өрт күнде болып жатыр. Шөптің жануы күнде тіркеледі. Алатау ауданында өрт сөндірушілер күнде шақыртуға шығады», – деді Алатау ауданы ТЖБ аға инженері Мадияр Федоров.
Жауапты қызметкерлер биыл дала өрті өткен жылмен салыстырғанда жиілей түскенін айтады. Мұны олар күннің күрт ысуымен байланыстырады.
Айта кетсек, соңғы 3 айда бір ғана Алатау ауданындағы жазықта 42 рет от тұтанған.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 700 гектар шаруашылық аумақты зиянкестер отап тастаған