Қаскелеңдегі тұрғындар ыстық суға зәру

10.02.2024 02:01

Тұрғынүй кешенінде 15-ке жуық көппәтерлі үй бар

Almaty.tv

«Жертөлені су басып, тұрғын үйде егеуқұйрықтар қаптады». Осылай деп базынасын айтқан Қаскелеңдегі тұрғынүй кешенінің тұрғындары қыстыгүні ыстық судың да жоқтығына шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тобықтан келген жертөленің суын тұрғындар мамандарға хабарласып, суды өздері сорғызған.

– ПИК ешқандай көмек көрсетпейді. Бәрін өзіміз жасап жатырмыз. Өткенде құбырды ауыстырып ек, басқасын айырбастаған. Енді су кетіп жатыр. Жиырма күн ыстық сусыз отырдық, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Аман Нысанбаев

Алты жалдан бері осында тұратын Клара Сатыбаелдиева «бұл үйлердегі ыстық су ай сайын әр үйге кезекпен беріліп отыратындай» дейді. Алғашқыда бәрі жақсы болғанмен соңғы жылдары ыстық суға қол жеткізу арман болған. Денсаулығында кінәраты бар, жүріп-тұруы қиын жалғызбасты әйел соңғы екі айда жуынуға суды ысытып жүр.

– Су жоқ. Міне, екі ай болды. Алдында тек түнде ғана су келетін. Баспананы сатып алғаныма өкінемін. Себебі проблемасы көп, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Клара Сатыбаелдиева.

«Әкімдіктегілер келіп қарап кеткенімен, ешқандай нәтиже жоқ" деп жиналған халық біресе судың, біресе жарықтың жоқтығына әбден мойынсұнған. Тіпті пәтер иелерінің кооперативі «шағымдана берсеңдер, жарықты өшіріп тастаймыз» деп қорқытатын көрінеді.

– Қыстай құбыр жарылады, су ағады. Жертөлені су басып қалған. Егеуқұйрықтар жортып жүреді, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Сәуле Сопыбаева.

Ал ПИК келесі айда ауысады. Әбден мезі болған тұрғындар енді МИБ құру қажет деп санайды.

– Ыстық су тұрғындарға жақсы жетпейді, себебі жылу алмастырғыштарда қақ жиналып, құбырлар бірте-бірте бітеліп қалады. Жылыту маусымының соңында қазандықта қосымша үлкен жылу алмастырғыштар  мен арнайы сүзгілер орнатылады, – деді ПИК төрағасы Әлия Ахметова.

Ал аудан әкімдігі мәселенің мән-жайын білгенмен, заң бойынша араласа алмайтындарын алға тартты. Бірақ зерттеу жұмысын жасап, су мәселесі шешуге кіріссетін болды.

– Қазіргі кезде зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Осы ықшамаудан ішінде жылыту пунктеріне қарап, неге судың көтерілмей жатырқанын анықтап жатыр, – деді Қарасай ауданы Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ескендір Егеубек

Қазір жұмыс істеп тұрған кооператив 1 наурызға дейін ғана қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, тұрғынүй кешенінде 15-ке жуық көппәтерлі үй бар.  

Жансая Олжабек, Ғани қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Саңырауқұлақ өсіп кетті: аз қамтылған отбасыларға жалға берілген үйдің сапасы сын көтермейді