COVID-19: Алматыда 3 жарым мың медициналық қызметкер қонақүйлер мен жатақханаларда тұрып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Олардың бүгінгі жағдайы қалай?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдайға байланысты қалада 3 жарым мың медициналық қызметкер қонақүйлер мен жатақханаларда тұрып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың бүгінгі жағдайы қалай? Үй-жайы қала сыртында болғандықтан, карантин кезінде Алматыға көшіп келуге мәжбүр болған дәрігерлердің көңіл-күйі қандай?

Жұмыстан кейін дәрігерлер әр кеште осылай шүйіркелесіп шәй ішеді. Өз жақындарынан алыста болса да,  әріптестер бір жанұяға айналған қазір. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері бүгінде арнайы бөлінген жатақхана мен қонақүйлерде тұрып жатыр.

«Бізді осы Қыздар университеті  жатақханасына орналастырды. Микротолқынды пеш, тоңазытқыш, тамағымызды бәрін қамтамасыз етіп жатыр. Жатқан жеріміз жылы. Жағдай жасалған, тамағымыз тоқ», – деді қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы терапия бөлімінің аға мейірбикесі  АНАР ЖҰМАНИЯЗОВА.

Мұндағы дәрігерлер күнделікті үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысқа таситын арнайы көліктер де бөлінген. Бөлмелер жайлы, жатын орындары таза дейді ақ халатты абзал жандар.  

«Бұл жерге тамақ алып келеді, кешкі ас, түскі асымыз бар. Ертеңгісін жұмысқа апаратын автобусымыз келеді. Екі автобус келеді. Жұмысымызға жеткізіп қояды. Ол жағынан кемшілік жоқ. Алғысымыз шексіз. Витаминдерді уақытылы жеткізіп тұрады», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының тазалық маманы Сарагүл МҰСТАФАЕВА.

«Осындай кезде дәрігерлердің қатты керектігін өзіміз де сезініп жатырмыз. Барынша осы халқымызды ұятқа қалдырмауға да тырысып жатырмыз. Халқымызбен бір болайық, бір-бірімізге қамқор болайық», – деді Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының рентген-лаборанты Санат ЕРКІНБЕКОВ.

Қазір қаладағы 13 қонақүй мен 11 жатақхана қызметкерлері дәрігерлерді уақытша баспанамен қамтып отыр. Мәселен, мына қонақүйде тұратын ақ халаттыларға 18 адам қызмет көрсетеді.  

«Біз де өз кезегімізде қолымыздан келген көмекті аянып жатқан жоқпыз. Қазір бізде 18 адам қызмет көрсетіп жатыр, қалған қызметшілерді уақытша босаттық. Біздің қонақүйде қалалық инфекциялық аурухананың дәрігерлері тұрып жатыр. Барлық тазалық шараларын, дезинфекция жүргізіп отырамыз. Дәрігерлердің тұрмыстық мәселесін шешуге тырысамыз. Мұндай уақытта бір-бірімізге көмек қолын созуымыз керек деп ойлаймын», – деді «Отырар» қонақ үйі бас директорының орынбасары  Майгүл ЖҮНІСОВА.

Дәрігерлерді дәл қазір өз қызметіне деген адалдық қана алға жетелейді. Кезінде осы мамандықты таңдағанда, Гиппократқа ант бергені де есінде. Алайда бір айдан астам бала-шағасын, жақынын көрмей, сағынышын тек виртуалды байланыспен басып жүрген жандардың тілегі біреу ғана.

«Алланың берген сынағынан сүрінбей аман-есен өтсек, біз үшін  сол бақыт. Аман-есен отбасымызбен көрісіп... кішкене түсірмей тұра тұрыңызшы...», – деді № 2 қалалық перзентхананың қызметкері Гүлнар ШАТАЕВА.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Рашит Шүкірәлиев,  «Алматы» арнасы

Новости партнеров