Бас қалада 4 мыңға жуық үлескер бар
Елордада үлескерлер бірнеше жылдан бері үйіне кіре алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылдап жиған-тергенін баспанаға салған 600-ден астам астаналық жаңа пәтерге жайғасуды сарыла тосқан. Үміті өшіп, шыдамы таусылған үлескерлер Астанадағы құрылыс компаниясының бас кеңсесін басып алды.
– Мен бұл жерде сәуірден бастап жүрмін. Күнде келемін. Үй де, ақша да жоқ, қайтармайды. Құрылыс компаниясы мен үлескерлер арасында байланыс жоқ. Нақты жауап ала алмаймыз. Құйған ақшамызды біреу алып кетті ме, әлде күтеміз бе, кім өндіріп береді? Сұрақтың жауабы жоқ, – дейді қала тұрғыны Зәуре Құрманғалиева.
– 3 мамырда алған келісімшартта «60 күн ішінде ақша қайтарылады» деп жазылған. Бірақ 100 күн өтті әлі жоқ, алданып қалдық. 4 млн теңге құйдық, – деді қала тұрғыны Диас Жұмамұрат.
Қалтасындағы бар жиғанын беріп, үйін тосқан халық басшылықпен тілдесе алмай әлек. Есесіне, күш көрсетіп қорқытқан күзет қызметінің мамандары оларды қарсы алды. Бас кеңсе алдын торуылдаған халық 1,5 сағаттан соң ішке кірді. Бұл жолғы кездесу де үзілген үмітті жалғай қоймапты.
– Құрылысшылардың айтуынша, 6 нысан бойынша рұқсат құжаты жоқ. Екі айдың ішінде барлық нысан бойынша құжат алынады. Бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламыз, – деді Орта сапа және бақылау басқармасының басшысы Даулет Досқұлов
Айта кету керек, бас қалада 4 мыңға жуық үлескер бар. Қала әкімдігі жыл соңына дейін оларға пәтер кілті тапсырылады деп сендірді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» теларнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қыста жылусыз қаламыз: ауыл тұрғындары көгілдір отынға зәру