Астанадағы 8 жастағы Төлеген Мақашев елден көмек сұрайды. Отандық дәрігерлер басында ісік бар баланы емдей алмайтынын жеткізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төлеген Мақашев биыл 3-сыныпта оқуы керек еді. Осыдан 9 ай бұрын кітапты судыратып оқып, легодан қиын ғимараттар тұрғызатын. Қазір анасының көмегінсіз жүре алмайды.
Анасы «аты жаман ауру Төлегенге жабысып алды» дейді. Әсемгүл Төкеннің айтуынша, баласы білім беру орталығында ойнап жүріп басын жарақаттап алған. Алғашында құсқан, басы айналған. Ал ауруханада оған астан ұшынған деп диагноз қойыпты. Ал компьютерлік томография жеткіншектің басында ісік бар екенін көрсеткен.
– «Дәрігерлер ісік өспейді, асығудың қажеті жоқ» деді. Өзге дәрігерден кеңес алдық, бәрі керісінше болды. Бала сөйлей алмайды, орнынан тұра алмай қалды, – деді Төлегеннің анасы Әсемгүл Төкен.
Ұлттық нейрохирургиялық орталықта ем алғаннан кейін, Төлегенге Түркияда ота жасап, ісіктің бір бөлігін алып тастаған. Елге оралған соң «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдаған. Мұндағы дәрігерлер Төлегенге шетелде емделу керек екенін айтып, үйіне жіберген.
– Бала бізде емделген кезде компьютерлік томографияға түсірдік. Ісік өте тез өсіп келеді. Науқастың қанша өмірі қалғанын айту қиын. Дерт дендеп барады, – деді онколог-гематолог дәрігер Құндыз Шайхызада.
Отандық дәрігерлер ауруды толығымен жоя алмайтынын мойындап отыр. Америкада емдеуге болатын көрінеді, шетелдік мамандар баланың анасына көмектесе алатынын мәлімдеген. Денсаулық сақтау министрлігі баланы мұхиттың арғы жағында емдеу жолын қарастырып жатыр
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі:
«Баланың диагнозы жазылған құжатты Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жұмыс істейтін елдердің медициналық мекемелеріне жібереді. Содан кейін жауап күту керек. Емдеу әдістері, оның бағасы жазылған құжат келеді. Жұмыс тобы бір ай ішінде оны талқылап, шешім шығарады».
Ал ауыр жағдайда жүрген Төлегеннің денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады. Анасы «бір ай немесе одан да көп күте алмаймыз» дейді. Отбасы жұрттан жылу жинау үшін халықтан көмек сұрайды. 8 жастағы жеткіншектің еміне 170 миллион теңге қажет. Балаға көрсетілген реквизиттер бойынша көмек көрсетуге болады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Медициналық «мейрамхана»: даяшы мен дәрігер бір жерде қызмет етіп жүр