Қоқыс толған арық: Алматы облысында суару маусымына дайындық жүргізілді

04.04.2024 02:21

Арықтағы су тасып, бірнеше көше мен 3 үйдің ауласын басқан

Almaty.tv

Алматы облысы Долан ауылында үлкен арықтағы су тасып, бірнеше көше мен 3 үйдің ауласын басқан. Әдетте қысы-жазы құрғап жататын арна кенеттен толып, айналаны шайып кетті деп әбігерге түскен тұрғындар арнамызға шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, арықтан бұрын-соңды болмаған қарқынмен аққан су арнасынан асып, көшелер мен 3-4 үйдің ауласын басқан. 50 см лай су үйдің қабырғасы мен ауладағы құрылысты қиратқан.

– «Долан ауылын су алып кетті» деп хабар келді. Қараңғыда қай жерден су келіп жатқан білмедік. Әрең жеттім, баламның да үрейі ұшып кеткен. Әлеуметтік желіде «қоқыс» деп жазып жатыр, бірақ олай емес. Түнімен ұйықтамадық, – деді Долан ауылының тұрғыны Жазира Жомартқызы

Тұрғындардың айтуынша, жазда арнадан су табалмайды. Бірақ кеше жауапты компания арықты қоқыстан тазартамыз деп су жіберген.

– Келіншегім терезеден көріп қалды. Не істерін білмей, балаларды далаға шығардық. Жауын-шашын көп жауады, балалар үшін қорқамыз, – деді Долан ауылының тұрғыны Дархан Дарбозов.

Жауапты компания тұрғындарға ескерткенін айтты. Олардың айтуынша, арық қоқыс пен түрлі қалдыққа толғанғандықтан, су арнасынан асып кеткен.

– Су шаруашылық мекемесімен су жүйелерін дайындау және тазалау кезеңіне дайындау мақсатында Долан магистралды арнасымен су жіберіліп, қоқыстан тазартылды. Кейбір учаскелерде қоқыстар бітеліп, өте көп болғандықтан су арнасынан шығып, жеке учаскелердің бақшасын басқан. Су арнасынан уақытылы тоқтатылып, қазіргі таңда тазалау жұмыстары жүргізілуде, – деді «Үшқоңырирригация» су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Нұрдос Нағашбеков.

Елдімекенде суару маусымына дайындық жыл сайын өткізіліп, үлкен арық арналары тазартылады. Биыл бұл шаралар 20 сәуірге дейін өтеді. Ал қапияда арықтан асқан екпінді судың салдарын әкімдік толық тазартып, қажет тұрғындарға көмек беретінін айтты.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы бір ауылды кәріз суы басып қалуы мүмкін