Алматы облысындағы бір ауылды кәріз суы басып қалуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұрттың айтуынша, қазір ауылға ең жақын жатқан бассейн толып, кемерінен асқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы бүтін бір ауылды кәріз суы басып қалуы мүмкін. Мұрын жаратын жағымсыз иіс пен қалдық құятын орынның көбеюіне арызданған ұзынағаштықтар осылай дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Ұзынағаштағы жалпы 50 мыңнан астам тұрғынның кәріз суы төгілетін орын. Кезінде ауылдың шеті деп саналған аумақ тұрғын үйлерге 5-ақ қадам жерде жатыр. Қалдық су жинайтын сай-сала ауыз-мұрнына дейін толып, сыртқа төгілген. Ауылдың көшелеріне, тіпті құдыққа ағатын болған.

– Су үйдің жанынан, жертөледен, құдықтан шығып жатыр. Мұнда орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмаған соң, сол суды ішуге тура келеді. Қазылған жолымыз да быт-шыт болды. Кәріз суын да  осы жерге төгіп, өзенге ағыза салады, – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Ғалым Қасенхан.

– Ұзынағашта халық аз кезде су жерді тесіп шықпайтын. Үш жылдан бері біз тұрған аймақты су басуда. Оны көрсеттік. Жауаптыларға айттық. Олар ешқандай шара қолданып жатқан жоқ, – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Жұмажан Имерұлы.

Жұрттың айтуынша, қазір ауылға ең жақын жатқан бассейн толып, кемерінен асқан. Тұрғындардың айтуынша, топырақ үгітілсе, бір ауылды кәріз суы басып қалуы мүмкін. Себебі бұл осы маңдағы қалдық төгілетін жалғыз жер емес. Қалдық су ауылдың 18-19 жерінде жиналған. Әкімдіктегілердің бұл жерге қалдық төгуге рұқсат берілгенін айтты. Сондай-ақ арнайы 21 бассейін дайындалған. Бірақ бәрі 90 пайыз толып тұр. Ақ жағалылар мұны халық санының көбеюімен байланыстырады.

– Екі жылда Ұзынағаштағы кәріз жүйесі толығымен ауыстырылады. Су жинайтын орынды түгел көшіреміз. О жерде тазалау, сүзгі алаңдары болады. Қазір оның аумағы 14 га болса, болашақта кәріс суын төгетін 100 га жер қарастырылып отыр, – деді Жамбыл аудандық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайсар Әбсейітов.

Билік өкілі айтып тұрған орын құжат бойынша 2026 жылы дайын болады. Ал оған дейін қосымша 2 бассейн қазылып, толған сайларды босату жоспарланған. Қазіргі жағдайды халық қана емес, төтеншеліктер де қауіпті деп санайды.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Орал қаласының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді

Новости партнеров