Алматыда қыс мезгілінен кейін көшелерде пайда болған шұңқырлар мен ойықтар жаппай жамалып жатыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Биыл жөндеу жұмыстары жылдағыдан ерте басталған. Мұны мамандар қыстың жылы болуымен байланыстырды.
Жалпы, 2019 жылы қалада 113 магистральды және 272 аудандық деңгейдегі көшеге жөндеу жүргізіледі. Бірінші кезекте қалалық маңызы бар жолдарға мән беріліп отыр. Оны жөндеу 21 наурызға дейін аяқталса, қалған көшелердің жұмысы 15 сәуірге дейін бітеді. Қазір ойық көшелерді жамау үшін 32 бригада, 270 жұмысшы және 75 техника тынбай екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Мердігер мекеменің еңбегін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов те тексерді.
«Қазір ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқандықтан, жұмыс 38 пайызға бітті деп айтуға болады. Біз алдағы уақытта басқа да аудандарды аралап, жолды ретке келтіру жағын, оның сапасын қадағалаймыз. Көлік жүргізушілеріне ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы үшін де жөндеуді ерте бастап кеттік. Ал, орташа жөндеу болса, оқушылар тараған соң мамыр айында басталып, тамызда аяқталады. Биыл ұзындығы 111 шақырым болатын 121 көшеге орташа жөндеу жасалады», - дейді Алматы қалалық Мобильділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.
Қысқа мерзімде сапалы жол жасауды аудан әкімдіктері де өз бақылауларына алған. Мәселен, биыл Медеу ауданында 37 көшеге ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Мамандар бұл көшелер кемінде 10 жылдан бері жөндеу көрмей келеді деп отыр.
«Жөнделетін 37 көшеде 300-ден астам люк бар. Олардың бәрін көтеруіміз керек. 3000-нан астам шұңқырды жамауымыз керек. Жұмыстар қазір қарқын алды. Наурыз айына дейін орталықтағы 24 көшені аяқтаймыз. Ал, 31 наурызға дейін аудандық 2-ші дәрежелі шағын көшелердің бәрін жөндеп бітіреміз. Тұрғындардан ең көп шағым түсетін көшелер – Жамақаев, Тәттімбет және Луганская. Сапасы тым нашар, көлікпен жүру мүмкін емес. Сондықтан, жөндеу жұмыстарын осы көшелерден бастауды жөн көрдік», - дейді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.
«Қазір біздің мекемеден тек Медеу ауданы бойынша 6 бригада іске кірісті. Жол апатын болдырмау және көлік иелеріне ыңғайлы болуы үшін орталық көшелерден бастадық. Мәселен, әл-Фараби, Достық, Гоголь, Төле би және Шығыс айналма жолын ағымдағы жөндеуден өткіздік. Яғни, керекті жерлерге асфальт жабыны төселіп жатыр. Күні-түні жұмыс істеп, жұмысты сапалы ету үшін жаңа технологияны қолданудамыз. Ол асфальтты ауа-райының қолайсыздығына қарамастан сапалы жасауға мүмкіндік береді», - дейді «Есік жолдары» ЖШС бригадирі Тимур МҰСАЕВ.