«Өзіңді танытқаның - ұлтыңды танытқаның». Ширек ғасырдан астам уақытын туған жерден жырақта өткізген қазақ туралы не білеміз? Тіпті, оның атымен аттас бірнеше қара нәсілді бала бар. Африка елдерінде 5 мыңнан астам операция жасаған азамат қазір қайда жүр? Ол қазақтан шыққан Біріккен ұлттар ұйымының халықаралық дәрежедегі еріктісі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлікті өмірлік ту еткен Телжан Жүнісбеков – 1986 жылы БҰҰ-ның халықаралық еріктісі ретінде Кеңес одағынан аттанған 17 дәрігердің бірі. Алғаш рет Бурундиге табан тіреген ол 25 жылдан астам уақыт Африка елдерінде жұмыс істеген. Сол жерде қызмет етіп жүріп, белі ауырып тұра алмай қалған БҰҰ өкілін емдеп шығады. Жазылған азамат хирургтың кәсібилігіне риза болып, ерікті болып жұмыс істеуге ұсыныс жасапты.
«Сенегалдан екен. Көмірдей қара болады. Мынау менің орынбасарым деді. Ерікті боласыз ба? Боламын, неге болмаймын дедім. Бірінші сол Бурундидан бастадым. 1986 жылдың 7 шілдесінде кеттім. Елге нақты оралғаным 2015 жылдың мамырында», - деді БҰҰ Халықаралық тұңғыш еріктісі Телжан ЖҮНІСБЕКОВ.
БҰҰ еріктілердің еңбек шартын әр 6 ай сайын ғана ұзартып отырады екен. Ал Телжанның келісім-шартын зейнет жасына жеткеннен кейін де жыл сайын созып, тағы бірнеше жыл қызмет етуін өтінген. Қазақстандық хирург Кот-д'Ивуардағы БҰҰ қызметкерлеріне дәрігерлік қызмет көрсетумен қатар, жергілікті халыққа да жәрдем беріп, осы елде хирургия саласының дамуына үлес қосты.
«Телжан Жүнісбеков БҰҰ-дағы қызметін халықаралық ерікті болып бастады. Ол Африка елдерінің біраз елдерінде әртүрлі салада жұмыс жасады. Дәрігер-травматолог, хирург болды. БҰҰ денсаулық саласының дамуына көп үлес қосты. Оның өз ісіне шынайы берілуі, еңбекқорлығы, адамгершілігі оны биік белестерге көтерді. Халықаралық ұйымдарда өзінің біліктілігін, тәжірибесін бөлісіп келеді. Біздің ұйымға, жалпы денсаулық саласына сіңірген еңбегі үшін біз ол кісіні қашанда сыйлаймыз әрі бағалаймыз», - деді БҰҰ Еріктілер жобасының өкілі Римма САБАЕВА.
Жасы 75-ке таяған Телжан Жүнісбеков бүгінде Алматыдағы медициналық орталықтардың бірінде қызмет етіп жүр. Әріптестері де өз ісіне берілген маманмен жұмыс істеп жүргендерін мақтан етеді.
«Үлкен қасиеті науқастарменен тура өзінің жақындары сияқты араласады. Бұл кісіден үйренетін нәрсе көп. Травмотология және басқа да сала болсын мұндай кісілерден көп тәжірибе алуымыз керек», - деді медицина орталығының директоры Орынбасар ЖҰМАТАЕВА.
Телжан Жүнісбеков қазақ, орыс тілдерінен бөлек француз бен ағылшын және африкалық тілдердің бірнешеуін жетік меңгерген.
Тұңғыш қазақ еріктісі өз еркімен Африка елдерінде қызмет еткеніне еш өкінбейді. Керісінше, санаға көп нәрсені түйіп, адамның адамгершілігі бәрінен биік тұратынын түсінген. Ерікті болу арқылы адамзатқа өлшеусіз пайдаңды тигізуге болады дейді.
«Ерікті деген – жақсы дүние. Ерікті болу адамның сана-сезімін кеңейтеді. Ерікті болған адам көпшіл болады. Жанашырлық деген болады. Соның бәрі еріктіге байланысты», - деді БҰҰ Халықаралық тұңғыш еріктісі Телжан ЖҮНІСБЕКОВ.
Елден шалғайда қызмет еткен дәрігердің көргені-білгені көп. Ең бастысы, өзім арқылы қазақ ұлттын таныстырдым дейді ол. Тіпті жақсылығы өткен онға жуық африкалық балаларына Телжан есімін беріпті.
Қуан Нұрақын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы