«Алматы» телеарнасының ұжымы Шымбұлақ шыңын бағындырды

19.06.2024 02:07

Іс-шара телеарнаның 25 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылды

Almaty.tv

«Алматы» телеарнасының ұжымы Алатаудың бөктеріндегі Шымбұлақ шыңын бағындырды. 3450 метр биіктіктегі кекілін қар басқан мұнар шыңға телеарна туын тігіп, тарихи сәтпен бөлісті.

Алматының айнасына айналған Алатау таулары көз ұшында тұрғанымен, телеарна ұжымы үшін алынбас қамал жоқтай көрінді. «Медеу» мұз айдыны маңынан бастау алған бағыт, керемет көріністермен есте қалды. Ал шың басына қызу дайындықпен қадам басқан арна қызметкерлеріне шет елден келген туристер де таңдана қарады. Тіпті құттықтап, тілек айтты.

Алматының табиғатына тәнтімін, қала таза, адамдары қонақжай. Демалып, ерекше әсер алып жатырмыз. «Алматы» телеарнасының ұжымы,  25 жылдық мерейтой құтты болсын! Сіздер жауапкершілігі мол, үлкен жұмыс істеп жатырсыздар. Сәттілік! – деді турист Бахарат Данука (Үндістан).

Алматыда аптап ыстық, телеарна ұжымы теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте аппақ қардың мұнар басына шықты. Тарихы терең телеарнаның дәл Шымбұлақ шыңын таңдауы да тегін емес. Бұл – құзар шың 1954 жылдан бастап тау шаңғысы спортшыларының дәрежелі орнына айналып, жаттығатын жері болған. Жеңіспен оралған спортшылар да аз емес. Ал ақпарат аламанында алдына жан салмаған әріптестер үшін сапар қызық сәттерімен есте қалды.

– Шымбұлаққа тілші ретінде келіп тұрдық. Бірақ әріптестермен бірге жүрген соң, ерекше әсер алдық! «Талғар» асуынан көтеріліп, Шымбұлақ шыңына дейін жаяу жүрдік. Ол 1,5 сағат уақыт алды. Биыл «Алматы» телеарнасы 25 жылдық мерейтойын тойлап жатыр, – деді «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары Ильзат Акчурин.

Ерекше сапарға сақадай сайланған альпинистер федерациясының мамандары мұрындық болды. Арнайы дайындықтан өткен нұсқаушылар жан-жаққа бөлініп, әрбір қызметкерді бақылап жүрді. Сондықтан арна қызметкерлерінің алғысы да ұшан-теңіз.

«Алматы» телеарнасының ұжымы баурайдағы ақ бұлттан ары асып, таулармен таласа Шымбұлақ шыңына белгіленген межеге шығып жалауды желбіретті. Мәреге мезгілінде жеткен ұжымдастар сүйікті арнамыздың арнайы мерейтойына ерекше тосынсый тарту етті. Ал «Алматы» телеарнасы бағындыратын шың мұнымен бітпесі анық.

Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, Жақсылық Тілепперген,  «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Балаларға базарлық: «Алматы» телеарнасы балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтады