Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы жөндеу жұмыстары бақылауда
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы жөндеу жұмыстары бақылауда. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қазір жылу электр стансасы мен №1 және №3 энергоблок жөнделіп жатыр. Алайда жарықтың кезең-кезеңмен берілуі бизнес өкілдеріне қиын туғызып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азамат Сәрсенбаев кофехана ашып, қазір шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол тәтті тоқаш, торт пісірумен айналысады. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы апаттан кейін жарықтың кестемен берілетінін естігенде, біраз әбігерге түскенін айтады. Тез бұзылатын сүт өнімдерін қалай сақтарын білмей әуре-сарсаңға салынған.
– Тәтті өнімдер, торт пісіреміз. Сүт сияқты қажетті өнімді тоңазытқышқа сақтау керек. Біз кестеге қарап, тортты алдын ала пісіріп жатырмыз. Әзірге 3 сағат электр жарығы жоқ, шыдап отырмыз. Ал 5-6 сағатқа ұзарса, қиындық туындайды, – деді жеке кәсіпкер Азамат Сәрсенбаев.
Дәмхана, кафе мен мейрамхана иелері де әлеуметтік желіде жарыса жазып, наразылығын білдіріп жатыр. Өйткені олар азық-түлік қорын жинай алмай, бір күндік тауармен шектелуге мәжбүр. Көтерме саудамен алмаған соң, тамақ бағасы қымбат. Ең қиыны, тоқпен істейтін пештер мен техникалар түгел істен шығып қала ма деп қорқады.
– Қазір үш сағаттан бес сағатқа дейін электр жарығын шектеп отырмыз. МАЭК аптаның соңында 3 блокты қосуды жоспарлап отыр. Егер толық режимге шықса, шектеу алынады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.
Ал Жаңаөзенде гүл өсірушілер «шығынға шаш етектен батуымыз мүмкін» деп алаңдап отыр. Суды жинау, суару процесі электр қуатымен жүргізілетіндіктен, мәселені тезірек реттеуді сұрайды.
Жазира Әбіл, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Бизнеске арналған жеңілдетілген несиенің мөлшерлеме пайызы төмендеді