Әкімдік өкілдері ауыз су мәселесінің барын жасырмайды
Алматы облысында бүтін бір ауыл құрт шыққан суды ішіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақытжан Бауыржанұлы «құбырдан құрт шыққалы шырқымыз бұзылды» дейді. Ол ауыз суды матамен сүзіп, ақ бас құрттың қаптап жүргенін көрген.
– Құрттаған су болып тұр ғой. Су кішкене тұрып қалса, ішінде кәдімгі балық сияқты құрт жүзіп жүреді, – деді Шалқар ауылының тұрғыны Бақытжан Болатбай.
Көшедегі кей үйе мүлде су келмейді. Ескі-құсқы қаңылтырларға су жинап, тұндырып ішеді екен. Оның өзінде су темір татып, дәмі бұзылып кететін көрінеді.
– Су ақпайды мүлде. Ал далада батпақ су ағады. Сол суды ыдысқа толтырып, тұндырып, жуынамыз, тамақ істейміз. Ал ішетін суды 500 тг сатып аламыз. Жыл сайын әкім келгенде мәселені халық көтереді. Шешетіндей болып кетеді, бірақ 15 жыл өтті, – деді Шалқар ауылының тұрғыны Айман Өтепова.
Жылдың төрт мезгілінде тұщы судың тауқыметін тартқан тұрғындар қайда барып, кімнен араша сұрарын білмей отыр.
– Лай суды ішіп жатырмыз. Немере, ұл-қыздарымыз бар. Солардың денсаулығы үшін қорқамыз, – деді Шалқар ауылының тұрғыны Тома Сүлейменова
Ал 4 мыңға жуық халқы бар ауылдың ақжағалылары ауыз су мәселесінің барын жасырмайды. Олардың айтуынша, таудың суын тазарту қиын, ал сүзгі қойса су мүлде тоқтап қалады. Сондықтан лас болса да ағын суды арнаға бұрған.
– Лай су, құрт-құмырсқа резервуарға келіп түсті да, жаңбыр жауғанда су тарап кеткен. Аудандық тұрғын үй шаруашылық бөлімі проект дайындап жатыр. Шалқар ауылының бас жағынан жергілікті әкімшілік тарапынан 1 гектар жер бөлінді, – деді Жандосов ауылдық округі әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбек Заманбеков.
Әкімдік өкілі уақытша таза су әкелетінін айтты. Ал ауылға арнайы салынатын ауыз су бұрғысына қаржы бөлінбепті. Сондықтан шалқарлықтар әзірге шалшық суды сүзіп ішуге мәжбүр.
Әлібек Шынтемір Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Байланыс операторларына тексеріс жүргізілмек