|
03.01.2024 | 21:10
3549

Ыстық су жоқ: Талғар ауруханасындағы науқастар назын айтты

Бас дәрігердің орынбасары бір аптада олқылықты түзейтінін айтып, уәде берді

Ыстық су жоқ: Талғар ауруханасындағы науқастар назын айтты Almaty.tv

«Бауырым бір айдан бері жуынбады, өйткені ауруханада ыстық су жоқ». Осылай деп шағым айтқан Алматы тұрғыны Талғар ауруханасының ахуалын айтып, арнамызға сұхбат берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, бронхитпен ауырып жатқан інісіне барғанда, 1 айдан бері жылы сусыз жатқанын естіген. Ал аурухана әкімшілігі тұтас мекемеде ыстық су жоқ дегенмен келіспейді.

Бұл бейнежазбаны пневмониямен ауырып жатқан Нұрдәулет есімді азамат жолдап, ондағы жағдайдың мәз емес екенін жеткізді. Ол 8 желтоқсанда Талғар аудандық ауруханасына түскен. Оның айтуынша, өзі жатқан палатада ыстық су жоқ. Инфекциялық бөлімшеде ем алған соң, өзімен тікелей жолығу мүмкін болмады, тек телефон арқылы тілдестік.

– Кранды 2 жаққа да бұрап жатырмын. Бір жағында ыстық су болуы керек. Ыстық су жоқ, тек суық су ағып тұр, – деді науқас Нұрдәулет.

Науқастың әпкесі онсыз да өкпесі қабынып жатқан інісінің жағдайына алаңдайды. Өзінің жақынынан бөлек, басқа да келушілерге бұл мәселе қиындық тудырғанын айтты.

– Туған інім бір ай ыстық су жоқ, тастай су ғана ағады. Эпилепсиясы бар, сосын бронхитпен ауырып жатыр. Ыстық су жоқ, тастай сумен жуына алмайды, сасып жата бере ме? – деді науқастың әпкесі Нәзерке Сейітбекова.

Аурухана тарапына айтылған арызды анықтамақ болып, барып көрдік. Ашық тұрған жуынатын бөлмелерге кірдік. Бір ай жылы су берілмеген.

Өзін жауапты маманмын деп таныстырған ақ халатты бұл қабатта ыстық судың ағып тұрғанын айтып, дәлелдемек болды. Бірақ бәрі өзі ойлағандай болмай шықты.

Аурухана әкімшілігі уақытша қиындықтар барын айтып отыр. Алайда тұтас Талғар ауруханасында ыстық су жоқ деп айту шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.

– Бір емделуші шағымданды. Биыл күрделі жөндеу жүргізілді, құбырлар ауыстырылды. Жүйе бойынша құбырдың белгілі бөлігіне ыстық су келмей жатыр. Ал «аурухана бойынша жоқ» деген жалған ақпарат, – деді Талғар ауданы Орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғалымжан Есенәлиев.

Бас дәрігердің орынбасары бір аптада олқылықты түзейтінін айтып, уәде берді. Оның сөзінше, қазір құбырларды қайта жаңартып жатыр. Ол қызметкерлердің науқастарды жылы суы бар палатаға апарып, жуындырып әкелетінін жеткізді. 

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жаңажылдық демалыс күндері қанша адам жедел жәрдем қызметін шақыртқан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир