ТЖ: Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр

09.04.2020 02:10

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай ауыл шаруашылығы тұраламауы тиіс

Фото: ашық дереккөз

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай ауыл шаруашылығы тұраламауы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл күнкөрісі егін мен төрт түлікке байланған оңтүстік өңірлерге тікелей байланысты. Ал, төтенше жағдай кезінде егіс алқаптарына тұқым себіліп жатыр ма? Шаруаларда шешілмеген қандай мәселе бар?

Жамбыл облысында төтенше жағдайға қарамастан, көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Биыл егістік көлемі 710 мың гектарға көбейген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 23 гектарға артық.  

Иә, асыраушы сала ақсамауы үшін сала мамандары төтенше жағдай үшін құрылған штабпен тікелей жұмыс істеп жатқанын айтады. Тараздағы карантин мен облыстағы көлік шектеуі агросала мамандарына оңтайлы шешілген. Биыл егін көлемін еселейміз дегендер дәнді бұршақты дақылдарды 15 мың гектарға, майлы дақылдарды 3 мың, мал азығын 4,5 мың гектарға көбейтпек. Бүінде облыста 18 963 шаруашылық тіркелсе, оның 80 пайызға жуығы осы егіншілікпен тұрмысын түзегендер. Мамандар шаруаларға мемлекеттік көмектің еш кедергісіз беріліп жатқанын айтады.

«Өсімдіктерді қорғайтын химиялық препараттарға да 50 пайыз төленеді. Сол сияқты  жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқым шаруашылығын субсидиялау бағдарламасын да іске қосылып, қазір бүкіл шаруашылықтың алып жатқан тұқымдарына субсидия төленетін болады. 2018 жылдан бері субсидиялау бағдарламаларының барлығы автоматтандырылған түрде портал арқылы беріледі. Яғни, шаруашылықтар үйлерінде отырып, портал арқылы өтінім бере береді», – деді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан ҚҰЛКЕЕВ

Бұл – Жамбыл ауданының тұрғыны  Әселкүл Тоқбергенқызы. 70 жастағы кейуана шаруа қожалық құрып, бүгінде өз балаларымен қатар 15 аудан тұрғынын жұмыспен қамтыған. Егде жастағы еңбек адамы, еліміздегі шаруаларға жасалып жатқан жағдайдың шапағатын көргенін айтады. Ауыл шаруашылық техникасын алып, егіс егер тұста жанар майдың төмендегені үлкен көмек болды, дейді.

«50 га бидай, 150га арпа, қант қызылшасын егіп жатырмыз. 8,5 млн-ға трактор алдым. Бізге жеңілдіктер беріп жатыр. Соның ішіндегі бізге ұнағаны  жанар май болып тұр. Жанар майды тонналап аламыз біз. Кәдімгі нанша жейміз. Міне, жақында ғана 165  теңгеден алдым жанар майды. Ол да бізге үлкен көмек. Себебі біз басында 200 теңгеден алып, жер жыртқанбыз», – деді  шаруа қожалығының басшысы Әселкүл ДАЙЫРХАНОВА.

Егін шаруашылығында мәселе де бар. Ол суармалы жерлерге судың толық жетпеуі. Биыл өңірде жауын-шашын мен қардың аз болуы мәселені одан әрі тығырыққа тіреген көрінеді. Теріс-ащы бұлақ су қоймасында да қажетті тіршілік көзі жиналмаған. Бұл мәселені биыл облыс басшылығы көршілес қырғыз еліндегі Киров су қоймасы арқылы шешпек. Дегенмен судың жайы басы бүтін шешімін таппай, шаруалар алдағы уақытта алаңдаулы бола бермек.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы,  Жамбыл облысынан