|
04.09.2024 | 21:11
205

Мейірім мекені: қатерлі ісікке шалдыққан ардагер мұғалім көмек сұрайды

Гүлсара Машанова қабылдап жатқан дәрі – соңғы үлгідегі препарат

Мейірім мекені: қатерлі ісікке шалдыққан ардагер мұғалім көмек сұрайды Almaty.tv

32 жыл ұстаздық еткен Оралдық ардагер мұғалім халықтан көмек сұрайды. Гүлсара Машанованың жұлын омыртқасы зақымданып, екі аяғы істемей қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтып келмейтін аты жаман ауруға шалдыққан Гүлсара Машанова төсек тартып жатыр. Ардагер ұстазға «жұлынның зақымдануы, ми метастазының ыдырауы» деген диагноз қойылған. Ол өздігінен жүре алмайды. Науқастың жолдасы Марғұлан Машановтың айтуынша, Қазақстаннан ем таба алмаған соң жұрттан жылу жинап, Үндістанда емдеткен. Ол кезде жомарт жандар 12 миллион теңге жинап беріп, әйелді шетелдің дәрігерлері қараған. Нәтижесінде қатерлі ісік 85 пайызға жойылған. Толық ем қабылдауға қаржы жетпей қалған көрінеді.

– Астана қаласынан Үнді елінен алдырған химиятерапияны алып жатырмыз. Қарашаның соңында Үндістанға барып, тексерілеміз. Химиятерапияның құны 1 млн 570 мың теңге, сондықтан елден көмек сұрап отырмыз, – деді Орал қаласының тұрғыны Марғұлан Машанов.

Марғұлан Машанов жұбайының аяққа тұрып, аурудан айығып кететініне кәміл сенетінін айтты. Дегенмен дәрілерді толығымен қабылдауға қаржы қолбайлау боп тұр. Машановтар әулеті әлеуметтен көмек сұрайды. Төсек тартып жату 32 жыл ұстаз болған маманға ауыр тиіп жатқаны сөзсіз. Алайда, Гүлсара Машанова әлі де жүгіріп кететініне сенеді. Үмітін үзбейді.

– Жоқ, үміт үзген жоқпын. Үзгім де келмейді. Ауру бірден пайда болды. Аяғымды баса алмай қалдым, – деді Орал қаласының тұрғыны Гүлсара Машанова.

Гүлсара Машанова қабылдап жатқан дәрі – соңғы үлгідегі препарат. Сондықтан оны тек шетелден алдырту керек. Қымбат дәріні алуға Машановтар әулетінің шамасы келмейді. Сол себепті де науқастың отбасы жомарт жандардан көмек сұрайды. Қол ұшын созам деген қайырымды жандар үшін бейнематериалда  байланыс нөмірін қалдырдық.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Шымкентте науқастар тегін дәрі-дәрмек алмаған

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир