Экология департаменті мен полиция қызметкерлері рейд жүргізді
Алматының атмосфералық ауасына ең көп улы газ қалдықтарын жеңіл автокөліктер бөледі. 2023 жылғы есептік деректер бойынша, көмірқышқыл газдың жалпы үлесі 189 мың 12 тоннаға жетіпті. Қаланың Экология департаменті мен полиция қызметкерлері рейд жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыға кіре берістегі экологиялық пост 30-ға жуық көлікті тоқтатып, көмірқышқыл газын бөлетін транспортты анықтады. Тіпті кей көліктер белгіленген мөлшерден 4 есе артық көрсеткіш көрсетіп, жүргізушісі айыппұл арқалады. Ал улы қалдықтар тіпті газбен жүретін қозғалтқыштардан да анықталды.
– Он күннің ішінде екінші рет тексерді. Алғашқыда ештеңе байқалмаған. Механиктер біледі. Ақауды түзетемін, – деді көлік жүргізушісі Берік Қонақбаев.
Табиғаттағы тәртіп саласындағы маман қазір түрлі техникалардан ауаға ауыр массалы газ бөлінетін айтады. Арнайы құрылғымен анықтайды. Ал техниканың түтін шығатын кернейі арқылы сынама алады.
– Экологиялық стандарт бойынша 2010 жылғы көліктерде көрсеткіш 0-30-дан аспауы керек. Мұнда көрсеткіш 0-62, 0-70 арасында көрсетіп тұр. Ауаны ластап жатыр. Мынадай жағдайда 334-баптың 1-тармағына сәйкес әкімшілік айыппұл қарастырылған, – деді эколог Азамат Сәрсенов.
Сүт пісірім уақытта техникасына селқос қарайтын тағы бірнеше жүргізушіні полиция инспекторы тоқтатты. Неміс көлігі де атмосфераға кері әсерін тигізіп жүр екен. Тиісті жауапқа тартылды.
– Көлік жүргізушілерін қадағалау және оларға шара қолдану мақсатында 19 экологиялық бекет орналасқан. Жыл басынан бері 7 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды, – деді жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Аян Бақытов.
– 19 экологиялық бекет бойынша 61 мың автокөлікті тоқтатып, тексеру жұмыстары жүргізілген, оның 8 мыңнан астамында шығындылар көлемі өте жоғары болып тұр. Автокөлік қала ауасын көп ластайды, – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Сейтбеков.
Қаланың әуе бассейнінің 60 пайызын ластайтын автомобиль көлігіне тексеріс тағы да қатаңдамақ. Улы шығындылардың әсерін азайту бойынша нақты іс-шараларды қалалық құзырлы орган өкілдері де қолға алған.
– Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының негізгі басым бағыттарының бірі – экологиялық заңнамалардың соның ішінде атмосфералық ауаның сақталуын қадағалау. Осыған байланысты қала прокуратурасы уәкілетті органдармен және экобелсенділермен бірлесіп қала экологиясын жақсарту бойынша кеңес өткізді, – деді қалалық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Ерлан Молдахметов.
Рейд-шараларының ұйымдастырушылары алдағы уақытта да қала көшелерінде жылжымалы экологиялық бекеттердің тексеріске шығатынын айтты. Сонымен қатар ауаға лас қалдық бөлетін кәсіптік нысандар да нысанаға алынбақ.
Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тасымал қызметін оңтайландыратын жаңа қосымша пайда болды