Бүгін «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған құжат екі мекеме арасында мәдени-әдеби байланыс орнатуға сеп болмақ. Әрі зиялы қауым өкілдерінің мұрасын ұрпаққа насихаттау, бүгінгі қоғам қайраткерлерінің шығармашылығын дәріптеу де кеңінен жүзеге асады.
«Біздің бірлестіктің құрамында әдеби-мемориалды музей бар. Мұқанов, Мүсірепов... Сол жерде болашақта ақын-жазушылардың іс-шараларын өткізсек деген жоспарларымыз бар. Зиялы қауымның жәдігерлерін жеке комплекс дейді ғой, кешендік музейге қабылдау жұмыстарын жасасақ», – деді қалалық музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбетәлиев.
Аталған екі ұйым өкілдері қаладағы бірқатар мұражайларға қатысты ойларын ортаға салды. «Елдің әдебиеті мен мәдениетін көркейту қай кезеңде де мойынға артылған жүк боп қалмақ», –дейді ел ағалары.