Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту кезінде қай санаттағы азаматтар жұмысын сақтап қалады

19.09.2020 09:00

Қысқарту кезінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарды алып қалуға кеңес беріледі

Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту кезінде қай санаттағы азаматтар жұмысын сақтап қалады? Бұл сауалға орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, мемлекеттік органдардың басшыларына жұмыстан қысқарту кезінде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарды алып қалуға кеңес беріледі.

«Әлеуметтік тұрғыда әлсіз және қысқаруға жататын мемлекеттік қызметкерлердің қорғалуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан аяғы ауыр әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналар, бала тәрбиелеп отырған басқа да адамдар, сонымен бірге зейнет жасына 2 жыл қалған адамдар қысқартылмайды», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

Анар Жайылғанова мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес аталған салада үш жылдық өтілі бар адамдарға жұмыстан шығарда орташа айлықтың төрт еселенген мөлшері берілетінін жеткізді. Бұл норма тәжірибелі қызметкерлерді жүйеде қалдыруға ынталандыруға бағытталған.