Алматыда халық санағына дайындық кезеңі қалай жүріп жатыр

almaty.tv
almaty.tv
Халық санағының дайындық кезеңі 30 маусымға дейін жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде халық санағына дайындық кезеңі жүріп жатыр. Бұл мерзімде сұхбат алушылар тұрғын үйлер мен құрылыстардың тізбесін жасақтап, мұнда тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау үшін әрбір елдімекенді аралайды. Қазақстанда осымен үшінші рет өткелі отырған ұлттық науқанның өзі қыркүйек айында басталып, қараша айына дейін жалғасады. Биыл пандемия жағдайындағы жалпыұлттық науқан қалай өтеді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Халық санағының дайындық кезеңі 30 маусымға дейін жалғасады. Алматылықтар арасында сауалнама жүргізу үшін 618 маман тартылған. Қазір санақшыларға айына 83 мың теңге төленсе, науқанның негізгі кезеңінде бұл сома 104 мың теңгеге дейін көтеріледі.

«Осы дайындық кезеңі бойынша 703 персоналдың жұмыс істеуі қарастырылған болатын. Оның 8-і аудан бойынша уәкілетті, 29-ы уачскелер бойынша уәкілетті және 48-і инструктор бақылаушылар. Сондай-ақ, 18 интервьюерлер, яғни сұхбатшы-тіркеушілер жұмыс істеп жатыр дәл қазіргі уақытта», – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының алматы қаласы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Жазира Амантайқызы.

Қазіргі кезде жұмыс көрсеткіші бойынша Жетісу, Алатау және Әуезов аудандары алдыңғы қатардан көрінуде. Мәселен, Әуезов ауданында бір ғана сұхбат алушы бір күнде орта есеппен 150 пәтерді аралайды екен. Республика көлеміндегі маңызды шараны өткізу үшін санақ мамандары іріктеліп, арнайы оқудан өткен.

«Бір үйге барамыз, тақылдатамыз. Міндетті түрде амандасамыз. Департамент статистики, алдын ала санақ деп айтамыз. Сондықтан да көбі бізге контактіге келеді де, жауаптарын айтады. Тек қана адам санын айтады. Құжатын тексермейміз», – деді  1-кезең интервьюері Зәуре Қаңтарбаева.

Тіркеушіні алаяқтан ажырату үшін мына белгілерге назар аудару қажет. Оның қызметкер екенін растайтын мынадай куәлігі, сөмкесі және планшеті болады. Сондай-ақ, 1446 нөміріне хабарласу арқылы немесе sanaq.gov.kz сайтынан тіркеуші туралы толық мәліметті біле аласыз.

Пандемияға байланысты санитарлық талаптар да басты назарда. Сондай-ақ, санақшыға сауалнама алу үшін қажетті құралдардың барлығы берілді. Бүгінде шаһардағы әзірлік маусымында мақсат етілген жұмыстың 51 пайызы аяқталған.

«Бізде қазір штатта 110 маман жұмыс істейді. Оның ішінде 4-еуі учаскелер бойнша уәкілетті. Әр учаскеге бір сұхбатшы-тіркеуші бөлінген. Қазір олар аудандағы нысандардың 70 пайыздан астамын аралап шықты», – деді Әуезов ауданы бойынша уәкілетті Халида Полтают.

Биылғы халық санағының ең басты ерекшелігі цифрландыру үрдісінде. Қазақстандықтар сауалнаманы дәстүрлі форматтан бөлек онлайн режимде де sanaq.gov.kz сайтында толтыра алады.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров