Шымкенттегі Әл-Фараби ауданына қарасты 276 орам тұрғындары қалаға жаяу қатынайды

almaty.tv
almaty.tv
Мегаполистің орталығынан небәрі үш шақырым қашықтықта орналасқан аумақта қоғамдық көлік мүлдем жүрмейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент жұртшылығы осы күнге дейін жол салып бермеген жергілікті әкімдікке ашулы. Әл-Фараби ауданына қарасты 276 орам тұрғындары қалаға жаяу қатынайды. Мегаполистің орталығынан  небәрі үш шақырым қашықтықта орналасқан аумақта қоғамдық көлік мүлдем жүрмейді екен. Оған атқамінерлердің жауабы қандай? Өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтып берсін.

Әл-Фараби ауданына қарасты 276 орам тұрғындары жаяу жүруден шаршадық деп шу шығарды. Шаhарға қатынау үшін үш шақырым жолды жаяу жүріп өтуге мәжбүр. Кезінде «Әне-міне жаңа жол саламыз, бәрі болады» деп сендірген әкімдік, әлі күнге дейін уәде беруден жалықпай отыр, дейді ашулы халық.

«Ауданның әкіміне 2017 жылдан бастап ПДБ ға кірген деген. Жоба жасалып жатыр дейді. Жылда айтады. 18-де айтады жоқ, 19-да айтады жоқ, 20-да айтады жоқ. Әкімнің жиналысына талай рет бардық. Сонда да біздің елдімекенде жоқ. Инвестиция жоқ, міне», – деді қала тұрғыны Әбдіманап Балабеков.  

«Жол кірмей бізге автобус да кірмейді. Көріп жатырсыздар, қанша халық бар, автобус керек бізге», – деді қала тұрғыны Сәдуақас Молдасапаров.

«Мынау тоқтың бәрін біз сатып алдық, бағандардың бәрін сатып алдық,  суға шлангыны да өзіміз сатып алдық. Трактормен қаздырдық. Бәрін халық істеп жатыр», – деді қала тұрғыны Қуанышбек Омарбеков.  

Шыдамы таусылған жұртшылық бар тірлігін тастап, аудандық әкімдік алдына қайта келді. Жолдың жайын айтты, қоғамдық көлік сұрады.

Ашуға бұлыққандарды аудан әкімі тыңдады.  Жағдайды жақсы білем деп ақталуға тырысты. Биыл жол салынып жатыр деді. Мердігер көзбояушылық жасамасын деп, бас-көз болып отырғанын да жеткізді. Жыл соңына дейін автобус жүреді деп, тағы уәдесін берді.

«Сәуледегі әскери бөлімше бар ғой? Содан 276-ға, одан 195-ке, ары қарай 84-мектепке қарай қосылады. 500 метр қалмайды. Маған әлеуметтік желіде осы мәселені жазған. Мен ол мәселемен таныспын. Басына бардым, ол мәселені транспорт басқармасымен қарастырдық. Қазір келесі сессияда оған қосымша қаражат қоямын деп қала әкімі уәдесі бар. Оған қосымша қаражат керек. Ортадағы жаңағы сіз айтып жатқан ол, құдай қаласа, істелінеді. Биыл жылдың аяғына дейін қоғамдық көлік жүреді», – деді Әл-Фараби ауданының әкімі  Ғабит Мәуленқұлов.

Орам тұрғындары әкімнің сөзіне сенгісі келсе де, күмәнмен қайтты. Айтылған уақытында жол мәселесі шешілмесе, жоғары жаққа шағымданамыз деп отыр. Айта өтейік, 276 орамда 250-ге жуық үй бар,  150-ден астам отбасы күнелтеді.

Новости партнеров