|
22.01.2021 | 21:16
1203

23 қаңтардан бастап зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталады

Қазақстандықтар ақшаны қандай мақсаттарға жұмсай алады?

23 қаңтардан бастап зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталады ашық дереккөзден

Ертең елімізде зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталады. Ол туралы «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты. Алайда емделуге жұмсау ережелері әлі бекітілмеген. Бұдан бөлек, туыс адамдар зейнетақы жинағына бір-бірінен үй сатып ала алмайды. Тағы өзге қандай талаптар бар? Өтінішті қалай және қайда беру керек? Ол туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

23 қаңтардан бастап зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға өтініштер enpf-otbasy.kz. сайтында қабылдана бастайды. Өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Өтініште арнайы ашылған шотты, пайдалану мақсатын, қолжетімді соманы, жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдерін көрсету керек. Ал, қазақстандықтар ақшаны келесідей мақсаттарға жұмсай алады:

«Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде немесе акт болған кезде, көп пәтерлі түрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасу кезінде, сондай-ақ жер участкесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салу үшін толық есеп айырысу, ипотекалық қарыз алу, тұрғын үй сатып алу, берешекті өтеу, банктер арқылы ипотеканы қайта қаржыландару үшін бастапқы жарна ретінде, тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алу немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу қайта қаржыландыруды өтеу үшін пайдалануына рұқсат етіледі», – деді  Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.

Өтініш берілген соң екі жұмыс күн ішінде  «Отбасы банкі» мәліметтерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жібереді. Содан кейін бес жұмыс күні ішінде қаражатты өтініш берушінің банктегі шотына аударады. Қаражат алушы 45 күн ішінде зейнетақы төлемдерін алу мақсатын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Егер алушы осы мерзімде үлгермесе, ақша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады. Алайда 45 күнде құжаттарын жинап үлгермегендерге екінші мүмкіндік беріледі. Бұл ретте азаматтарға шектеу қойылмайды.

«Мысалы, ислам банкі өтінішін мақұлдады дейік немесе «Отбасы банкі» мақұлдауы мүмкін. Бірақ үй сатушы айнып қалып жатады. Адам болған соң ондай болады. Мұндай жағдайда өтінім 45 күннен кейін күшін жояды. Біз ақшаны БЖЗҚ-дағы шотыңызға аударамыз. Қайтадан алу үшін қосымша өтінім беру керек», – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар, азаматтар зейнетақының бір бөлігін кез келген үйді сатып алуға жұмсай алады. Яғни, екінші нарықтағы баспананы да, жаңа үйді де алу үшін артылған соманы пайдалануға болады. Ал, туыс адамдар зейнетақы жинағына бір-бірінен үй сатып ала алмайды.

«Ең бастысы, отаның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргізілетінін атап өту керек. Алдамшы келісімшарттардың алдын алып, ақшаны амалдап алып шығу жағдайына жол бермес үшін туысқан адамдар арасындағы келісімшарттарға тыйым салынады. Яғни, мен өзімнің бауырларымнан, сіңілілерімнен, атамнан, әжемнен үй немесе пәтер сатып ала алмаймын», – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бұдан бөлек, тек жаңа үйді жөндеу үшін ғана қордағы ақшаңызды алу рұқсат етіледі. Ал, зейнетақының бір бөлігін емделуге жұмсау ережелері әлі бекітілмеген. Ол осы айдың соңында жарияланады деп жоспарлануда. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандағы ең үлкен жалақы және тиісінше БЖЗҚ-ға зейнетақы аударымдары қаржы, сақтандыру және корпоративтік секторлардың қызметкерлеріне тиесілі. Ең төменгі көрсеткіш – аграрлық аймақтардың тұрғындарында екен. Ал өңірлер бойынша бірінші орында Алматы, одан кейін Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау облысы тұр.

Асылбек Тойбек

ГРАФИКА-1

Арнайы шот;

Пайдалану мақсаттары;

Қолжетімді сома;

ЖТС ұстап қалу және аудару тәсілдері.

ГРАФИКА-2 (сызықша қойылған жерлерге стрелкамен көрсету)

2 жұмыс күн ішінде «Отбасы банкі» мәліметтерді - БЖЗК қорына жібереді

5 жұмыс күні ішінде қаражатты - өтініш берушінің шотына аударады

45 күн ішінде қаражат алушы зейнетақы төлемдерін алу үшін құжаттар ұсынады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир