|
01.04.2020 | 21:16
1850

Алматыда 800 мыңнан астам адамға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік беріледі

Елімізде азық-түлікті тегін алатындардың санаты көбейді

Алматыда 800 мыңнан астам адамға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік беріледі Almaty.tv

Елімізде азық-түлікті тегін алатындардың санаты көбейді. Енді күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік 800 мыңнан астам адамға беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттің мұндай шапағатын мүгедектер мен ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер көреді. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде айтты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қиын сәтте қол-ұшып созып жатқан жомарт жандардың қатары күн санап артып келеді. Біз біргеміз акциясы аясында мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге алматылықтар да үн қосты.

Алып жүк көлігіне тиелген тауар құдды бір өзге елге жіберілетін гуманитарлық көмек іспетті. Алайда бұл Алматыдағы мұқтаж азаматтарға таратылатын азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар. Бірден білек сыбана кіріскен өнер иелері мен еріктілер 5 мыңға жуық қорап түсірді. Өзім дегенде өзегі өртенетін кәсіпкерлердің мұрындық болуымен қолға алынған қайырымыдылық шара #bizbirgemiz акциясы аясында өтті. Мақсат – қиын сәтте баспанасынан шықпай, карантин режимін ұстанып отырған мұқтаж отбасыларға қолғабыс көрсету.  

«Сұңқар жан-жағына шашып жейді, құзғын астына басып жейді» дейді. Сұңқардай жан-жағына шашып жейтін, өле жегенше бөле жейтін, бала-шағасынан нанын жырып беретін, жүрегі қазақ халқым, елім деп соғатын азаматтарымыз баршылық. Мінекей, соған бәріміз куә болып ат салысып жатырмыз», – деді әнші, актриса Жанар АЙЖАНОВА.

«Bizbirgemiz акциясына теңізге тамшыдай болса да, үлесімізді қосайық деп ниеттендік. Қабыл алыңыздар. Мұқтаж отбасыларына аз да болса көптей көрсін деген ниетпен, жұбаныш болсын деген ниетпен, бірге екенімізді білдірейік деген ниетпен үлесімізді қосуға тырысып жатырмыз. Осындайда бір әулеттің баласындай, бір жұдырықтай жұмылып, ел екенімізді, бір екенімізді көрсету  мақсатымен жасалып жатқан дүниені дұрыс қабыл алыңыздар!» – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен МАЙҒАЗИЕВ.

Ендігі кезекте жеке-жеке көліктерге тиелген азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар Алатау ауданындағы 1000-нан астам мұқтаж отбасыға, яғни 5 мыңға жуық адамға таратылды. Алматылық кәсіпкерлер мен өнер адамдары әрбір жанның үйіне дейін жеткізіп беріп, жұбаныш айтып, карантин кезінде далаға шықпауға кеңесін де берді.    

«Осы індетті бірге жеңеміз. Үйде отырсақ қана жеңеміз. Егер де індеттің таралуына себепші болсақ, бұл карантин созылуы мүмкін. Сондықтан бірге болайық, бірге барлығын жеңеміз», – деді кәсіпкер Досбол МӘЛІКОМАРҰЛЫ.

Мұндай шаралар алдағы уақытта жалғасатынына сенім көп. Себебі алтын жүректі азаматтар мен еңбегіне ақы алмайтын еріктілер мұқым елге қызмет қылуға дайын. Оның үстіне, Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осындай сындарлы сәтте Қазақстан халқының ешқайсысы елеусіз қалмайды және індетті бірігіп, сабырмен ғана жеңеміз деді.

Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир