Алмат Жаңбыров – мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көріп отырған студенттің бірі
Істерге іс таппай жүрген талай жанның жұмыспен қамтылуына сеп болған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қала аумағында сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері 23 мың алматылық тұрақты жұмысқа орналасып үлгерген. Бірнеше бағытты қамтыған бағдарламаның ішінде 9-сыныптан кейін арнайы білім алу мен 3 айлық кәсіптік білім жетілдіруге дейін бар. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.
Алмат Жаңбыров – мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көріп отырған студенттің бірі. Болашақ аспаз қазір 2-курста оқиды. Кәсіптік іс-тәжірбиеден өтуге қаладағы бес жұлдызды қонақ үйдің бірін таңдапты. Ол тұтынушының жоғары талғамына қарай жұмыс істей білу бүгінгі күннің басты талабы деген пікірде.
«1 қыркүйектен бастап тәжірбиеден өтіп жатырмыз. Қазір бізге ыстық тағамдар пісіруді аспазшылар көрсетіп үйретіп жатыр. Тиімділігі жақсы, 1-курста карантинде көп нәрсе үйрене алмай қалып едік, қазір осында келіп үйреніп жатырмын», – деді Алматы облыстық Қызмет көрсету және тамақтандыру саласы инновациялық-технологиялық колледжінің 2-курс студенті Алмат Жаңбыров.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты – техникалық кәсіптік білім беру. Қала бойынша жыл сайын 9 бен 11 сыныпты бітірген 2500 оқушы жолдамамен білім алады. Алматы облыстық қызмет көрсету және тамақтандыру саласы инновациялық-технологиялық колледжі арнайы бағдарламамен білім береді. Қазір оқушылар сабақты онлайн форматта оқып жатыр. Оқу орны 5 мамандық бойынша білім береді.
«Еңбек» бағдарламасымен қысқа мерзімді курстар бар. Сол курстарда жұмыссыз азаматтарымыз, жұмыспен қамту орталығына тіркеген адамдарды оқытып жатырмыз. Қазіргі уақытта 100 адам қалалық жұмыспен қамту орталығы жіберген адам оқып жатыр. Аспаз, кондитер мамандығы бойынша 25 адам. Маникюр шеберінен 25 адам білім алып жатыр», – деді Алматы облыстық Қызмет көрсету және тамақтандыру саласы инновациялық-технологиялық колледжі директорының оқу өндірістік жөніндегі орынбасары Гүлнар Жұмашева.
2019-2020 оқу жылында қала бойынша 1204 түлек білім алып шыққан. Олардың 100 пайызы бүгін өз саласында еңбек етіп жүр. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге мемлекет қашанда көмек көрсетуге дайын. Құрылысшылар мен аспазшылар, тігіншілер мен электриктер. Мұндай мамандық иелері қашанда жоғары сұранысқа ие.