«Алматы» арнасында «Өткінші жаңбыр» телехикаясы көрерменге жол тартады

08.09.2020 02:28

Драмеди жанрындағы туынды қандай өзекті әлеуметтік мәселелерді көтермек?

almaty.tv

«Алматы» телеарнасы өз көрермендеріне жаңа телехикая ұсынбақшы.  «Өткінші жаңбыр» деп аталатын қызыққа толы дүниенің жуырда түсірілімі басталды. Отбасыңызбен отырып көретін драмеди жанрындағы туынды қандай өзекті әлеуметтік мәселелерді көтермек? Кинотүсірілім алаңынан Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының репортажы.

Комедия және драма жанрларын ұштастырған бұл телехикаяда отбасының қарапайым тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Басты кейіпкерлер Жанар мен Ажар қазіргі әйелдер қауымының жағдайын сипаттап, көпшілікке таныс өзекті мәселені көтереді. Әйелдерге артылған тұрмыстық жүктен бөлек, қоғам білімді, алғыр маман болуды да талап ететіні рас.  

«Шынымен де, қазіргі әйел адамдарының басынан өтетін проблема ол жан-жақты болу. Менің кейіпкерім Жанар. Есімі Жанар сол ойды іске асырмақшы болады. Төрт баласы бар, жағдайы бәрі жақсы, бірақ өзінің кәсібін ашқысы келеді. Сол ісін жасап жүрген кезде жолында көптеген кедергілер кездеседі», – деді актриса Нұргүл Мыңғатова.

Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін бұл туынды бас-аяғы 12 сериядан тұрады. Ал түсірілім жұмыстары 20 күнге жоспарланып отыр. Телехикаяда көрермен сүйіктісіне айналған Салтанат Бақаева, Алмат Сақатов сынды танымал актерлер өнер көрсетеді.

Камера, жарық, мәтінмен жұмыс... «Өткінші жаңбыр» телесериалының түсірілім алаңындағы жұмыс қызып жатыр. Шығармашылық топ күнделікті 12 сағатқа жуық еңбектенеді екен. Басты мақсат –  көрермен көзайымына айналатын туынды ұсыну.

«Телехикаяның басты мақсаты –  қазіргі актуалды мәселелердің бірін көтереміз. Ол деген жаңағы ажырасу деген сияқты иә. Карантиннен кейін де қызық-қызық статистикаларды көріп жатырмыз. Ажырасу көбейіп кетті деген сияқты. Сондықтан біздің мақсат басты құндылық. Соған жол сілтеу. Отбасын сақтап қалу», – деді «Өткінші жаңбыр» телехикаясының продюсері Ай-Керім Самалбекқызы.

Жаңа телехикаяның түсірілім жұмыстары барлық санитарлық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Бірнеше сәтті жобаны тізгіндеген режиссер Дархан Саркенов бұл туынды көрерменге көп ой салады деп уәде етті.

Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы