Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қиын-қыстау кезеңде барлық алматылықтар бір-біріне демеу болу керек екенін жақсы түсінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы орайда шаһардағы мұқтаж отбасыларға көмектесуді Әуезов ауданындағы кәсіпкер де жалғады. Бұл жолы 100 отбасы алғашқы қажетті азық-түлік себетін алды.
«Осындайда біз «бөліссек тоқ боламыз, бөлінсек жоқ боламыз» деген қазақта жақсы сөз бар ғой. Кәсіпкерлер барымызбен бөлісіп, қиын-қыстау кезде мемлекетімізге, үйде бізді күтіп отырған апа-қарындастарымызға, бауырларымызға барынша көмек қолын созайық. Біз мейірімді жандардың атынан «жақсылық жәшігі» деген акциямызды жолдап жатырмыз. Сондықтан бәріміз бірге болып, осы індеттен бірге құтылайық. Ең бастысы – бәріміз үйде болайық», – деді кәсіпкер Сырымбек ТАУҰЛЫ.
Әкімдікпен бірлесіп атқарылып жатқан сауапты іске қолдау көрсеткен кәсіпкерді Әуезов ауданының әкімі осылай алғыс хатпен марапаттады. Оның қатарында елімізге белгілі спортшы Ардақ Назаров та бар.
«Бүгін елімізде болып жатқан жағдайға байланысты көптеген азамат үйде құр қарап жатпай, қарлығаштың қанатынан тамған су сияқты еліне шапағатын тигізіп, аз да болса игі амалға бет бұрып жатқаны бар. Соның бірі – Сырымбек бауырыма Алла тағала отбасына береке берсін дегім келеді. Жақсылық көбейген жерде жамандық болмайды», – деді кәсіпқой спортшы Ардақ НАЗАРОВ.
Салмағы 25 келі болатын қорапта үйге қажетті азық-түліктің бәрі бар. Ұн, күріш, тұз бен майдан бөлек картоп пен сәбіз сынды көкөністер де бар. «Жақсылық жәшігі» алдымен Әуезов ауданындағы ең мұқтаж деген жалғыз тұратын зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларға үлестірілді.
Қашанда жақсылық жасау – имандылық пен парасаттылықтың айқын көрінісі. Мұқтаж жанға қайырымдылық қолын созып, оның қажеттілігіне бейжай қарамайтын кәсіпкерлердің бұл бағыттағы жұмысы алдағы уақыта да өз жалғасын табады деп сенейік.
Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы