«Рұқсаты барлар ғана кіріп шыға алады»: ПД тұрғындарды блок-бекеттерде кептеліс тудырмауға шақырды

21.05.2020 02:17

Алматыда блок-бекеттерден өту тәртібі де қатаң

Almaty.tv

Еркінсуге әлі ерте. Алматыда карантин алынбағандықтан, блок-бекеттерден өту тәртібі де қатаң. Яғни, бекеттен арнайы рұқсаты барлар ғана кіріп шыға алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондықтан себепсіз кезекте тұрып кептеліс тудырмау қажет. Ал, таңертең кешке кезектің көбеюі заңды дейді полицейлер. Себебі қалада жұмыс істеуге күн сайын облыс тұрғындары кіріп шығады.

Бүгінде Алматының периметрі бойынша 25 бақылау-өткізу пункті бар. Төтенше жағдай аяқталып, әскерилер кеткенімен тәртіп сақшылары баяғыдай жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда блок-бекеттерде полиция департаментінің 700-ге жуық қызметкері жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары карантин режимінің әлі жойылмағанын тағы бір мәрте еске салды.

«Бақылау-өткізу пункттерінен тек Жедел Штабтың деректерінің арнайы тізіліміне енгізілген азаматтар ғана өте алады. Жүк көлігін қоспағанда, әр көлік құралын тексеруге белгілі бір уақыт кетеді. Осыған байланысты біз азаматтарды өз үйінен негізсіз шығып кетпеуге шақырамыз. Бұл шаралардың барлығы азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне бағытталған. Түсіністікпен қарауын өтінеміз», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы  Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.

Алматы аумағына өту үшін кәсіпорындар жұмысшыларына рұқсат алып, ортақ базаға тіркеуі тиіс. Сонда ғана блок-бекет арқылы емін-еркін кіріп-шығуға болады. Айта кетейік, бұл тек рұқсаты барларға қатысты. Егер аты-жөн базада тіркелсе, бекеттен өту көп уақытты алмайды.

Блок-бекеттен өту үшін жеке басты растайтын құжат қажет. Оны тәртіп сақшысы арнайы база арқылы тексеріп, егер қалада жүруге рұқсат етілген болса, онда қала аумағына өткізеді.

Бақылау пунктінде халық бірінің артынан бірі кезекке тұрып, еш кедергісіз қала аумағына өтіп жатыр. Алматы шекарасына кіргендердің басым бөлігі осында жұмыс істейтін облыстың тұрғындары.

БЛИЦ:  

1. Бірінші рет өтіп тұрмын. Алдында келгенімде өткізбей жатқан.

2. Білмеймін, мен бірінші рет өтіп жатырмын. Мына жерде саяжайым бар. Мына қызды тіс дәрігеріне апарып келейін деп едім.

3. Сейчас просто изумительно. Все хорошо. Никаких проблем вообще. Вот доехала здесь. Щас вышла. Буквально 10 минут и все.

Айта кетейік, полицейлер қауіпті індеттен қорғанудың барлық амалын жасайды. Олар қорғаныс құралдары, яғни бетперде, медициналық қолғаппен толықтай қамтылған. Бірнеше рет коронавируске ПТР тест тапсырған.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы»  арнасы