Елорданың іргесіндегі жарығы жоқ ауыл

Елорданың іргесіндегі жарығы жоқ ауыл
Елдімекен тұрғындарының сөзінше, электр энергиясы мемлекеттік жоспарға енбей, жекеменшікке өтіп кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда іргесіндегі Қаражар ауылы 14 жылдан бері сапалы жарықпен қамтамасыз етілмей отыр. Елдімекен тұрғындарының сөзінше, электр энергиясы мемлекеттік жоспарға енбей, жекеменшікке өтіп кеткен. Жарық қуатының аздығынан техникалары үнемі істен шығатын көрінеді. Бұдан бөлек ауылда көптен бері қордаланған бірқатар мәселе де бар. Ал, медициналық амбулаторияда кадрдың жоқтығынан «басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда» жанымызды шүберекке түйеміз, дейді қаражарлықтар. Тұрғындардың жанайқайын тыңдап қайтқан  Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Целиноград ауданына қарайтын Қаражар ауылының екінші, үшінші бөлігінде электр жүйелері тартылған. Ал бірінші, төртінші бөлігінде тұратын тұрғындар жарықтан тарығатынын айтып, комммуналдық қызмет бағасының қымбаттығына наразы.

«Жарық қараңғы болып қалады, плитка қосайын десем қосылмайды. Балалар сабақ оқи алмайды. Интернет нашар», – деді Қаражар ауылының тұрғыны Ардақ Тілеухан.

«Ең бастысы жарық керек, соны ескерсе. Басқа не айтамыз енді, айта-айта жауыр болды. Тілейтініміз сол жарық», – деді ауыл тұрғыны Қалима Даниярова.

Ауыл тұрғыны Алма Боқышева талай мекемелердің басшысына өтініш жазып, табалдырығын тоздырыпты. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпады дейді.

«Үмітсіз шайтан дейді. Үмітпенен қарап осы уақытқа дейін келе жатырмыз ғой. Бұл свет не АРЕХ-қа қарамайды, не жаңағындай мемлекеттік бюджетке қарамайды, жекеменшік. Арзандағанның орнына бағасы қымбаттап жатыр. Екінші амбулатория, үшінші жол мәселесі», – деді Қаражар ауылының тұрғыны Алма Боқышева.

Дәл осы жердегі салбырап тұрған тоқ қауіпті. Тұрғындар балаларымызды көшеге шығаруға қорқамыз дейді. Өйткені мына айқасып жатқан электр сымдарымен бала ойнаса, байқаусызда тоқ соғуы мүмкін.

Қордаланған пробеламалардың барын ауыл әкімі де жоққа шығармайды. Жарық пен жолды қосқанда ауылдағы өзге мәселе біртіндеп шешімін табады деп жауап берді.

«Былтыр 2020 жылы облыс әкімі тапсырма беріп кетті. Сол тапсырмаға сәйкес жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Наурыздың аяғына дейін құжаттар дайын болу керек заң бойынша. Сараптамадан өтудің өзі біраз уақытты алады», – деді Қараөткел ауылдық округінің әкімі Саят Қаханов.

Тапсырма берілгенімен, шаруаның қашан жасалатынын округ әкімі айта алмады. Себебі бұл өзінен жоғарыдағы басшылардың сметалық құжатты қабылдауына байланысты дейді. Ал, ауылдағы ахуал жақсармайынша, қаражарлықтар бұрынғы қалпынша күн көруге мәжбүр.

Алтынай Баратқызы

Новости партнеров