Қызылордада мұнай өндірісінің озаттары марапатталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл Қазақстан мұнайына 125 жыл толды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Қазақстан мұнайына 125 жыл. 1899 жылы Қарашүңгіл кен орнында мұнай атқылап, өндірістің жаңа кезеңі бастау алған. Содан бері «қара алтын» өндірісі ел экономикасын алға сүйрейтін негізгі локомотивке айналды. Осы атаулы мереке қарсаңында Қызылордадағы мұнай өндірісінің озаттары марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақ мұнайының тарихы тым әріде жатыр. Тұңғыш рет 40 метр тереңдікте ұңғымадан «қара алтын» атқылап, жаңа дәуірге жол ашты. Араға жылдар салып мұнай өндірісі Сыр өңірінде де қанат жайды. Тоқсаныншы жылдардың шебінде Құмкөл кеніші ашылып, өңір өндірісті аймаққа айналудың алғашқы қадамын жасаған.

– Сыр мұнайы экономикамыздың дамуына зор үлесін тигізді. Өңір экономикасының негізгі локомативі болды. Қазірдің өзінде игерілген кен орындары өндірістің соңғы сатысына шығып, қалған қорларын игеру қиын болғанымен, мұнай-газ саласы аймақтың экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарады, – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Соңғы он жылда мұнай компаниялары өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шешуге 16 млрд 600 млн теңге қаржы аударған. Дегенмен аймақта мұнай қорының сарқылуы байқалады. Сондықтан өңірде жаңа кен орындарын барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Өңірге жаңа серпін керек. Қызылорда облысында 5500 метрлік ұңғымасын бұрғылап жатырмыз. Бізде 200-ден астам кен орны бар. Тәуелсіздік алғаннан бастап мұнай деңгейі 4 есе өсті. Яғни, 92 млн тоннаға жеттік. Оның ішінде 26 пайыз мұнайды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өндіріп жатыр, – деді  «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.  

Айта кету керек, қара алтын компаниялары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп келеді. Ал аймақтың ахуалын жақсартуға экономикалық алыптар ғана емес, қатардағы азаматтардың да еңбегі сіңгенін атап өту керек. Мәселен кәсіби мерекеде жер қойнауынан қара алтын игеріп, ел ырыздығын еселеуге елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мұнайшылар құрмет төрінен көрінді.

– Мұнай саласында 30 жылдан бері еңбек етіп келемін. Қыста суықта далада жүреміз, жазда 50 градус ыстықта жұмыс істейміз. Менің жұмысым – мұнайды парафиннен залалсыздандыру және мұнайдың өнімділігін көбейту, – деді мұнайшы Ерлан Сейтасанов.

Аймақта мұнай өндіру көлемі жыл өткен сайын азайып келеді. Сондықтан барлау жұмыстарын қолға алып, жаңа кен орындарын игеру керек. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы осы мақсатта жаңа жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді. Яғни, облыста алғаш рет 5500 метр тереңдіктен жаңа ұңғыма бұрғыланып жатыр. Мұнайшылардың геологиялық барлау жұмыстарынан күтер үміті мол.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Транскаспий көлік дәлізі: жүк тасымалы 10 миллион тоннаға дейін артады

Новости партнеров