Қарттың басы бәлеге марқұм анасынан мұраға қалған мүлікті сатқан кезде ұрынған. 10 жылдан бері салық органдары және аудандық соттың табалдырығын тоздырған қарияға бас партия көмектескен. Амалы қалмаған зейнеткер қоғамдық қабылдауға жазылып, мәселеге араша түсуді сұрапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зейнеткер Людмила Беловаға марқұм анасы көз жұмар алдында бар мүлкін мұра етіп қалдырған. Қаражат қажет болғандықтан, қария оны 2008 жылы сатып жіберген. Тек ойда жоқта қартқа 2014 жылы салық органдарынан бір тілім хат келіпті. Араға 5 жыл салып жеткен онда салықтың негізгі бөлігі және уақытылы төлемегені үшін жалпы қосқанда 1 миллион теңге берешек екені жазылған. Есі шыққан зейнеткер негізгі қарызды бөліп-бөліп төлеген. Тек өсімақыны өтеуге келгенде сот орындаушылар қарияға қаталдық танытқан көрінеді. Зейнеткердің сөзінше, 2 айдай төлемді кешіктірген үшін оның зейнетақы шотын бұғаттап тастапты.
«Біріншіден, мұрагерлікті рәсімдеген нотариус бізге заң шеңберінде мүлікті сатуға белгілі бір уақытқа шектеу барын айтпады. Біз оны білмедік. Егер сол кезде 20 күндей күтсем, мұндай 10 жылдық қайғы басыма жабыспаушы еді. Екіншіден, салық органы араға 5 жыл салып пайда болды. Қарызымның барын айтса, бірден төлейтін едім ғой. Олар өсімақының өзі жарты миллионға жеткенде айтып отыр. Бұл деген сұмдық қой. Қаншама сотқа бардым. Адвокат жалдаудың өзіне қаншама ақша жұмсадым», - деді Людмила БЕЛОВА.
Амалы қалмаған 67 жастағы зейнеткер «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына жазылған. Көмек қолын созуды сұраған қарияға тура сол күні үйіне заңгер келіпті. Барлық қолда бар құжаттармен танысып шығып, сотқа арыз жазуға көмектесіпті. Қазіргі таңда заңсыздыққа жол берген Алмалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өсімақыны тоқтатқан. 10 жылдан бері әділетті шешімге қол жеткізе алмай келген зейнеткер қазір иығынан ауыр жүк түскендей сезінеді.
«Зейнеткер бізге жазда келді. Мәселесін қарап, заң шеңберінде 1 ай ішінде шешіп бердік. Араша түсіп, мәселесі шешуге біздің партияның заңгері араласты. Көптеген мәселелелер қоғамдық қабылдау өткен кезде белгілі болады. Онда мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер отырады», - деді Алматы қаласы Nur Otan партиясы Алмалы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан ӘЛБИСЕНОВ.
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдауы жылына 700 шақты адамнан өтініш қабылдайды. Оның 40 пайызы оң шешім табады. Ал күн сайын кемінде бес адам келіп, басындағы базынасын жеткізеді екен.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, Алматы телеарнасы