Әкімге өлең арнаған тараздық тұрғындарға су берілетін болды

18.09.2020 02:42

"Алматы" арнасының жаңалықтар қызметіне тараздық тұрғындар алғыс айтуда

almaty.tv

Халықтың алғысы – журналистер жұмысының жемісі. "Алматы" арнасының жаңалықтар қызметіне тараздық тұрғындар алғыс айтуда. Естеріңізде болса, екі апта бұрын, «Тараздық тұрғындар жарты ғасыр ауыз сусыз отыр» деген тақырыпты көтерген едік. Енді, міне, айға жетпей жұрттың жанайқайын облыс басшылығы елеп, мәселе шешімін табатын болды, деп хабалайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл келуге құлқы жоқ шенділерді, жұмыс бабымен болмаса да, қонаққа шақырған тараздық тұрғындар болатын. Нәжіс иісі шығатын шәйдің дәмін көргенде жағдайдың өзекті екенін сезінер деп үміттенген. Ел ішінде тұрып елеусіз қалдық дегендер тыңдар құлақ жоқ деп телеарна тілшілеріне телефон соққан болатын.

50 жыл бойы ауыз судан тарыққан Тараздық тұрғындары, аулада ағып жатқан мына ағын суды, кейде ауыз су ретінде амалсыз пайдаланатындарын жеткізген. «Алматы» телеарнасынан шыққан жаңалықтан соң мәселе шешімін табатын болды.  Халықтың сөзінше, бұған дейін сан жыл шағымға құлақ аспаған қала билігі осында келіп кездесіп, уәде  берген екен.

«Алматы» телевидениясына көп рахмет. Сіздер келіп осыны қозғадыңыздар. Сіздерден кейін қозғалыс бар. Келіп уәде беріп кетті»,– деді қала тұрғыны Балтабай Қарабалаев.

«5-6  жыл сол әбден кабинеттен кабинетке жүгіріп арыз апарып жүрген менің атымнан еді. Сол ешқандай қозғалыс болған жоқ. Қалай сіздер келдіңіздер, содан басталды, құдайға шүкір. Мына суды бірінші жүргіземіз деді, содан кейін жарықты жүргіземіз деді. Сосын ана жолға белгілерді қойдырамыз деді. Сондай сондай уәде берді»,– деді қала тұрғыны Жаңабай Оспанов.

Елу жыл елеусіз қалып өркениеттен тыс өмір сүрдік деген жұрт, осылайша алғысын білдірді. Ал, әкімдік болса, ең алдымен ақпаннан бастап ауыз судың мәселесін шешіп беруді мойнына алған екен. Кейін жарық, одан соң жол белгілері. Ал, жол проблемасын ең соңына қалдырған. Жалпы айтқанда келер жыл мұндағы жұртты жақсы жаңалықтар қуантқалы тұр.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан