Алматы Марафонының қатысушылары балалар үйіне спорт кешенін салып берді. Биыл ауқымды шараның пандемияға байланысты кейінге қалдырылғаны белгілі. Бірақ қатысуға өтініш берген адамдардың басым бөлігі жарнасын қайтарып алудан бас тартып, оны қайырымдылыққа беруді жөн көрген. Балалар үйіндегі жаңа спорт алаңын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай көріп қайтты.
Бұл балалар үйінде бұрын соңды ойын алаңы болмаған. Енді, міне, 800 шаршы метрлік соңғы үлгідегі үлкен спорт кешені салынды. Мұнда жүгіру жолы, футбол және баскетбол алаңы, сондай-ақ, жеңіл атлетикалық жаттығу құрылғылары бар.
80 жастағы Тұяқ Есқожина жұбайы екеуі 22 жылдың ішінде 740 баланы өсіріп жеткізген. Қазір ардақты ата-ана 10 баланы қанатының астына алып отыр. Алматы Марафоны қатысушыларының арқасында салынған спорт алаңы олардың көңілінен шықты. Енді, мұнда ер жеткен балалардың баспаналы болуына жомарт жандар қолдау білдірсе деген тілектері бар.
«Қыздарды қолдан ұзаттық, ұлдарды қолдан үйлендірдік шамамыз келгенше. Құдайға шүкір, барлығы 2-3 баладан тәрбиелеп жатыр. Ешқандай қиындығы жоқ, бірақ әлі жатақханада тұрады. Сол үй жағынан көмек болса деп ойлаймын. Енді көзім жұмылғанша, соларға бір үй алып берсем, арманым орындалады», – деді «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқожина.
Биыл Алматы Марафонынан жиналған қаражат 5 түрлі нысан салуға жұмсалды. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі және ата-ана қарауынсыз қалған балалар үшін спорт кешендері мен ойын алаңдары пайда болды. Шара ұйымдастырушылары қайырымдылық ауқымын жылдан-жылға кеңейтуді мақсат етіп отыр.
«Биыл біз бес жобаны таңдап алдық. Олардың барлығына ерекше қажеттілік бар, балалар мекемелері. Біз қазірдің өзінде екі футбол алаңын пайдалануға бердік. Бір орталыққа арнайы оңалту аппараттарын ұсындық. Бұл құрылысы аяқталған үшінші спорт алаңы. Ал бесінші жоба аясында жарымжанды балаларға оңалту жабдықтарын алып беруді жоспарлап отырмыз», – деді Алматы Марафонының директоры Салтанат Қазыбаева.
Жалпы, биыл Марафонға қатысуға 8 мыңдай адам ниет білдірген. Олардың жартысынан астамы қаржысын қайырымдылыққа берді.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы