Коммуналшылардың былығы. Алматы тұрғындары ескі құбырлардан әбден мезі болғандарын айтады. Чаплыгин көшесінің азаматтары алып темірлердің көзін жоюды сұрап жатыр. Себебі біраздан бері жатқан ескі құбырлар жүріп-тұруға да қатты кедергі келтіріп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның үстіне кішкентай балалар ішіне кіріп жиі ойнайды. Ал, аудан басшысы да, мердігер ұйым да ол өтінішке құлақ аспай келеді. Тұрғындардың айтуынша, ауладағы арықтар, су және кәріз құбырлары ауыстырылған. Жөндеу жұмысынан кейін, жауаптылар ескілерін алмаған. Дәл осылай жатқандарына бір жылдан асқан. Тұрғындарға темірлердің жақын арада алынатынын айтып, тиіспеулерін сұраған мердігер ұйым өкілдері. Осы күні жергілікті жеткіншектер бұл құбырларды «аттракцион» қылып пайдаланып жүр. Ата-аналар, балаларының өміріне алаңдаулы. Сөздеріне сенсек, қауіпті аумақта ойнап жүріп қолдарын сындырған жайттар да кездескен.
«Балалар алаңы жоқ. Қайда ойнататынымызды білмейміз. Мына жатқан 32 темірді алатын адам байқамадық. Кәріз құбырынан қолаңса иіс те мүңкіп тұрады», - дейді тұрғындардың бірі.
«Жаңбыр жауса, бұл жерде аяқ алып жүру мүмкін емес. Қаланың қақ ортасында мынадай балалар алаңы бар деп айтуға келмейді», - дейді келесі бірі.
«Қызым 11 жаста. Жаз бойы осы құбырларда ойнап шықты. Жазатайым жайттардың орын алғанын көргенбіз», – дейді баласын уайымдаған ана.
Ал, жергілікті билік бұл жайттан хабардар екен. Айтуларынша, ойын алаңын қалпына келтіру үшін қаражат қарастырып жатыр-мыс. Құбыр ауыстыру арнайы бағдарлама бойынша іске асырып жатқанын жеткізді. Бірақ балалар ойнайтын жердің тас талқанын шығарып, аумақты қауіпті етіп кеткен жауапсыз мердігер компанияға қандай шара қолданылатынын айтпады олар.
«Ескі су құбырларын ауыстыру арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатыр. Чаплигын көшесіндегі құрылыс қалдықтарын алып, тазалауға бір апта уақыт берілді. Бұл мәселе аудан әкімі аппаратының бақылауында», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Әлішер САТЫБАЛДИЕВ.
Жағдай басшылықтың бақылауында деп, құбырды алыстан ғана қарап жүрген аудан шенділері бір аптада нәтиже болар деп сендіріп қойды. Айта кетейін, Чаплигын көшесінде 52 жеке үй бар. Онда 60-тан астам отбасы тұрып жатыр. Сондықтан мұнда заман талабына сай балалар алаңы ауадай қажет деп ел.
Өмір Әнуарбек, Денис Земцов, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.