|
28.08.2020 | 21:23
1651

Алматы облысында шаруалар тамыз айында тіршілік нәрін кезекпен алуға мәжбүр болған

2020 жылдың егістік кезеңінің басында «Бартоғай» су қоймасында 292 миллион текше метр су жиналған

Алматы облысында шаруалар тамыз айында тіршілік нәрін кезекпен алуға мәжбүр болған almaty.tv

Судың да сұрауы бар. Әсіресе, тіршілік нәрінің қадірін бағбандар жақсы біледі дейді шаруа қожалықтары. Бірақ арасында суды үнемдемейтіндері де кездеседі. Сондықтан бастауын «Бартоғай» су қоймасынан алатын Үлкен Алматы каналы енді суды егістік алқап көлемін, егілетін егін түрін ескере отырып, тіршілік нәрін бермек. Тек сонда ғана суды бәріне жеткізе аламыз деп отыр. Жоспарлы есептеу қыста басталады. Биыл шаруаларға тіршілік нәрі жетпегені рас па? Мәселеге су берушілер не дейді? Almaty.tv тілшісі анықтады.

Исмаил Тамазов ауыл шаруашылығы саласында жүргенге биыл 35 жыл. Ол агроном қос бауырымен бірігіп, 1994 жылы шағын шаруа қожалығын құрған. Бүгінде 100 гектардан аса аумаққа алма, бұршақ және картоп егеді. Биыл тіршілік нәріне тапшылық болғанымен, шаруа қожалығы оны сезінбегенін айтады. Сөзінше, жылдағыдай емін-еркін 1 млн текше метрден аса су алған. Енді тағы да үнемдеу мақсатында тамшылап суғару әдісіне көшу жоспарында бар.

«Сусыз өмір болмайды. Каналдан 50-60 пайыз, біздің табысымыз мына каналға байланысты. Неге десеңіздер? Су. Су деген өмір. Қиыншылық біз көрген жоқпыз. Канал айтқан шарттардың бәрін орындап отыр. Біз күзде ақшасын төлеп отырамыз», – деді шаруа қожалығының иесі Исмаил Тамазов.

Бұл – Қазақстан бойынша шаруалардың 70 пайызын жүгерінің жаңа тұқымымен қамтамасыз етіп отырған шаруа қожалығы. Олар жүгеріні будандастырып, әр өңірдің ауа-райына бейімделген 17 жаңа сұрып шығарған. Шаруалар өнімді Еңбекшіқазақ ауданында бас-аяғы 2 мың 900 гектар жерге егеді. Бағбанның айтуынша, әсіресе жүгері суды көп ішеді. Егер жеткілікті мөлшерде тіршілік нәрі болмаса, жақсы өнім алу мүмкін емес. Шаруа қожалығының басшысы, тіршілік нәрін тікелей «Бартоғай» cу қоймасынан алғандықтан, әр текше метріне 33 тиын төлейді. Бірақ орта жолдан ауылшаруашылығы кооперативтері қосылып, тіршілік нәрінің бағасын көтеріп жібереді екен. Ал оларды қадағалайтын ешкім жоқ.

«Рас енді ол. Биыл қуаңшылық, құрғақшылық болып отыр. Ол енді табиғаттың заңы. Бірақ мына біздің Үлкен Алматы арнасының ұжымының жақсы еңбегінің арқасында біз жақсы нәтижеге жетіп тұрмыз. Өйткені біз жүгеріні осы күнге дейін арықпен суғарамыз. Олар ауылшаруашылығы кооперативтерімен алса, ол кісілер өздерінің ақшасын қосады. Шығындарын қосады. Онда су қымбаттайды», – деді шаруа қожалығы директорының міндетін атқарушы Ермек Өскенбаев.

2020 жылдың егістік кезеңінің басында «Бартоғай» су қоймасында 292 миллион текше метр су жиналған. Бірақ мамандар биыл сәуір мен шілде айларында судың көлемі азайып кеткенін айтады. Сондықтан шаруалар тамыз айында тіршілік нәрін кезекпен алуға мәжбүр болған. Бүгінгі күні олар толықтай сумен қамтамасыз етілді деп отыр.

Негізі «Бартоғай» cу қоймасының сыйымдылығы 320 миллион текше метрді құрайды. Биыл Үлкен Алматы каналына су әдеттегіден 212 млн текше метрге аз келген. Сондықтан канал басшылығы шаруа қожалықтарына берілетін суармалы су көлемін нормаға сай кемітіпті. Мамандар су айналымын енгізуге мәжбүр болған. Әйтпесе Бартоғайда су әлдеқашан таусылып қалар еді дейді.

«Шілде айында су одан сайын азая бастағаннан кейін, біз су айналымын енгіздік. Яғни, бес күн Шелек пен Бартоғайға су бердік, бес күн Үлкен Алматы каналына бердік. Біз осы кезеңде оларға толық қуатты су бердік. Осы судың арқасында олар бірінші суарылымын өткізді. Осылайша барлық еккен егіндері аман қалды», – деді Д. Қонаев атындағы үлкен алматы каналының директоры Серікқали Мұқатаев.

Айта кетейік, каналдың арнасы соңғы 25 жылда мүлде тазаланбаған екен. Биыл 212 шақырым құбыр тазаланыпты.  

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир