Түрксіб ауданында Ауған соғысы ардагерлерінің саябағы жаңартылды

02.11.2019 02:25

Шолохов көшесінің Ақан Сері көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аумағында жүргіншілер жолы пайдалануға берілді

Алматының Түрксіб ауданында Ауған соғысы ардагерлерінің саябағы жөндеуден кейін қайта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрын қараусыз қалған демалыс орны, қазір мүлдем өзгерген. Айнала түгел абаттандырылып, ойын алаңдары салынды, әрі жаттығу жасайтын құрылғылар орнатылған. Мұндай шаруаның істелгеніне бала-шағасын жетектеп, серуендеуге жиі келетін тұрғындар дән риза.

«Саябақтың кәдімгідей көркі кіріп қалыпты, әйтпесе қоқыс басып жататын. Енді міне балалармен, отбасымен жақсы қыдыруға қолайлы, ыңғайлы жерге айналды», - деді тұрғындар қуана.

«Бұрын бұл жерде балаларға ешқандай жағдай болмаған. Қазір енді бір-екі апта ішінде көркі кіріп, балалар ойнайтын жер пайда болды», - деді бір тұрғын.

Саябақтың салтанатты ашылуына орай концерт қойылып, әннен шашу шашылды. Сондай-ақ Шолохов көшесінің Ақан Сері көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аумағында жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. Ерекше стильде ағаштан жасалған орындықтар мен жарық шамдар қойылып, кеспе тастар төселген.  Ал, қыдырушылар үшін кітап, қолөнер шеберлерінің көрмесі, шахмат пен тоғызқұмалақ ойындарынан жарыс, балалардың арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Жас бишілер мен орындаушылар өнер көрсетті.