Елімізде миллионнан астам адам онлайн санақтан өтті

Елімізде миллионнан астам адам онлайн санақтан өтті
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде миллионнан астам адам онлайн санақтан өтті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр, ал Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының көрсеткіштері төмен, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл – Медеу ауданында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы. Мұнда күніне орта есеппен 40-қа жуық адам онлайн санақтан өту үшін келеді. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, әзірге электронды тіркеуден 20 мыңнан астам азамат өтіпті.

«Алматы қаласының және Медеу ауданы тұрғындарына айтарым қолайлы жасалған онлайн санаққа қатысыңыздар. Ол өте ыңғайлы, әрі тиімді», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.

Сарапшылар санаққа қатысқандар саны 10 күн ішінде 1 миллионнан асқандығын айтады. Десе де, бұл орташа көрсеткіш. Халықтың белсенділігін арттыру үшін ақпаратты ұлғайтып, маңыздылығын рет-ретімен түсіндіру керек дейді Фатима Әбдіқұлова.

«Оның маңыздылығы халқымыздың басқа елдермен салыстырғанда өмір сүру деңгейі, денсаулығы қандай екенін білу. Сондай-ақ, қандай жағдайда өмір сүріп жатыр соны білу үшін қажет. Жасымыздың ұзақтығын білу үшін керек. Сол үшін онлайн санақ өте маңызды», – деді сарапшы Фатима Әбдіқұлова.

Одан бөлек, қалалық мәслихаттың депутаттары да халықты онлайн санақтан өтуге шақырды.

«Электронды тіркеу адам мен адамның қатынасын азайтады. Санақ жүргізетін қызметкерлердің әр үйді аралап шығуын жеңілдетеді», – деді Қалалық Мәслихаттың депутаты Нұрымбек Тау.

Еске сала кетейік, онлайн тіркелуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін қаламыздың халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда орындарында және оқу ордаларында арнайы мамандандырылған пункттер жұмыс істеп тұр.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров