«Тастақ» базары маңайы көлік тығынынан көз ашпай тұр

«Тастақ» базары маңайы көлік тығынынан көз ашпай тұр
Ал, кептелістің негізгі себебі – жабайы сауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жабайы сауданың жиналатын түрі жоқ. «Тастақ» маңындағы саудагерлер көлік жүретін жолдың үстіне заттарын жайып тастаған. Құзырлы органдар бірнеше мәрте аталған базар жанындағы заңсыз тауар сатқандарға ескерту жасап, тіпті айыппұл салғанынымен бұл проблема әлі де шешілер емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осының кесірінен жүргізушілер кептеліс кезінде сағаттап үйлеріне жете алмайтындарын айтады.  

«Тастақ» маңында тұратын жергілікті тұрғындар жұмыстан қайта дәл осы Бруселовский көшесінде сағаттап кептелісте тұрамыз дейді. Ал, кептелістің негізгі себебі – жабайы сауда.    

«Үнемі осы, тек дүйсенбі мен сейсенбі күндері ғана көлік аз. Қалған күндері толып тұрады», – дейді тұрғындардың бірі.  

«Көлік қою үлкен мәселе, бұл жер ешқашан босамайды, үнемі кептеліс. Өте ыңғайсыз», – деді тағы бірі.

«Тастақ» маңындағы Брусиловский мен Васнецов көшелерінің бойындағы үйлер есік-терезе, еден ағаштары сынды жөндеу жұмыстарына қажетті мате­риалдар мен жиһаздар сататын сауда орындарына жалға берілген. Қаланың көркін бұзып тұрған жабайы сауда жайлап алған бұл маңды. Әр саудагер сататын затын өз контейнерінің алдынан бөлек көлік жүретін көшеге дейін қойып тастаған. Кезекті рейд жүргізген жергілікті құқық қорғаушылардың өзіне дүрсе қоя берді.        


«Келетіндеріңді ескертпейсіңдер ме?» деген сөзіне қарағанда, айыппұлдан құтылып кететендер де бар көрінеді. Өздерінің заңсыз әрекет етіп жатқандығын білген сатушылар бірден сауда орындарын  ретке келтіріп, тіпті жауып тастады. Құзырлы органдардың айтуынша мұндай шаралар жиі өтіп тұрады. Бірақ, одан сабақ алып жатқан саудагер жоқ.  

«Бүгін рейд барысында 22 саудагерге заңсыз жерде сауда жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Олар енді 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде  айыппұл төлейді. Егер мұндай әрекет қайталанатын болса, айппұл көлемі екі есеге артады», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданы жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақыт КӨЛБАЕВ.

Алмалы ауданында аталған жұмыс жалғаса бермек. Мамандар апта сайын осы тектес тексерулерді үзбей жүргіземіз деп отыр.

Арнат Дүйсен, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров