Алматы көшелерінде заманауи қуат үнемдегіш шамдар жарқырайды

Алматы көшелерінде заманауи қуат үнемдегіш шамдар жарқырайды
Соңғы 3 жылда қаладағы 737 шақырым су мен 603 шақырым кәріз құбыры жөнделді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының Достық даңғылына, Жібек жолы және Байсейітова көшелеріне қуат үнемдегіш жарықшамдары орнатылады. Мұндай шамдармен тротуарларды да жарықтандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ аумаққа спорт және балалар ойын алаңдары жасалып, субұрқақтар кешені де қойылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалаға жасыл желекті суарудың  автоматты жүйесі орнатылады. Жоспарда аумақтағы ескі ағаштарды сақтай отырып, жаңа талдарды отырғызу бар. Қала әкімі Бауыржан Байбек Алматы көшелерін қайта жөндеу жұмыстарын тексерді. Ол «Адамдарға жайлы қала» қағидасын назарға ала отырып, қайта жөнделетін аумақтарды тұрғындарға ыңғайлы етіп өзгертуді тапсырып, мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы орындауды жүктеді.

«Жұмыстардың сапалы орындалуына және мерзімінде бітуіне ерекше назар аудару қажет. Өз жұмыстарын салақ орындап, селқостық танытқан мердігерлерді жауапқа тартып, төлемге берілетін ақшаны ұстап қалу қажет. Тұрғындардың қолайлылығы үшін барлық жерде байланыс телефондары бар құрылыстың паспорты тұруы керек. Ешкімге кедергі келтірмес үшін құрылыс маңын қоршап, айналып өту белгілерін қойыңыздар», – деді қала әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Сондай-ақ, мегаполис басшысы 1985 жылы қолданысқа беріліп, әбден тозығы жеткен Төле би көшесіндегі жылу желісін жаңғырту барысымен танысты.  Жарты миллионға жуық азаматты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз еткен құбырдың кей бөлігі әбден ескірген екен. Биыл сол құбырдың жарылып кету қаупі зор аймақтары жаңартылады. Қала әкімі барлық құрылыс жұмысын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

Айта кету керек, соңғы 3 жылда қалада 737 шақырым су мен 603 шақырым кәріз құбыры салынып, жөнделді. Ағымдағы жылы Алматының 6 ауданында тағы 130 шақырым сумен жабдықтау және 111 шақырым кәріз құбыры құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде құбырлардың тозу деңгейі 5% -ға, апатты жағдайлар 8% -ға азаятын болады.

Новости партнеров