Жертөлені су басып қалды: Атыраудағы тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып отыр

10.09.2024 02:27

«Атырау су» өкілдері мердігер мекемемен келіссөз жүргізген

Almaty.tv

Атыраудағы Авангард ықшам ауданының тұрғындары бірнеше айдан бері жағымсыз иіске тұншығып отыр. Азаматтардың сөзіне сенсек, жертөлеге нәжіс суы жиналып, тыныс алу қиындаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ала таңмен жиналған көпшілік жарты жылдан бері тыныс алудан қалдық деп мұң шақты. Олардың сөзінше, қайта-қайта жертөлеге сасық су толып, қиындық туғызған. Салдарынан, жұрт жаз бойы есік, терезені аша алмаған.  Бірінші қабатта тұратындардың айтар уәжі көп.

– Ең басты мәселе – кәріз суының төменге жиналуы. Исіне шыдау мүмкін емес. Жертөледегі лас су толып қалған. Үшінші қабатта тұрамыз, соның өзінде исі сезіледі. Маса көбейіп кетті, – деді қала тұрғыны Ғалымбек Избанов

Әбден діңкесі құрыған қараша өз күшімен бірнеше рет суды сорғызған. Бірақ нәтижесіз аяқталған. Ал ПИК «мәселеге қатысымыз жоқ, бірақ халық қиналған соң көмек көрсеттік» деп отыр.

– Арнайы сорғы құралын орнаттық, алайда жұмыс істемей тұр.Жиырма астам құрылғының шамасы келмейтіні анық. Тек қарауыл арқылы бақылау қойып, шеше аламыз. Төтенше жағдай деп айтуға болады. Ал бірнеше уақыттан кейін жылыту маусымы басталады, – деді  ЖШС басшысы Людмила Шарбатова

«Атырау су» өкілдері мердігер мекемемен келіссөз жүргізген. Бір аптада жұмыс толығымен аяқталады.  

– Мамандар бір айдан бері жұмыс жүргізіп жатыр. 48 үйдің барлық құбырын ауыстырылады, – деді «Атырау облысы су арнасы» мекемесіне қарасты кәріз насостық стансасының бастығы Жеңіс Кисимов.

Тынысымыз тарылды деген бұқара қала әкіміне үміт артып отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Оқи отырыңыз: Атыраудағы мектептерде жөндеу жұмысы неге аяқталмаған