Оқу жылының басталғанына бір апта өтті, ал Атыраудағы кейбір мектептердің жөндеуі әлі күнге дейін аяқталмаған. Соның салдарынан, оқушылар өзге мектептерде сабақ оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрлыгүл Жұбауованың екі бірдей баласы қаладағы №19 Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте білім алуы керек. Алайда екі жылдан бері құрылыс жұмыстары бітпеген. Салдарынан ұл-қызын алыс жерде орналасқан мектепке тасуға мәжбүр.
– Жазда ыстық, қыста салқын болады. Балаларға қолайсыз. Өздерінің кең мектебінде оқығынын қалаймыз, – деді ата-ана Нұрлыгүл Жұбауова.
№4 Гагарин атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жоба бойынша білім беру ордасындағы жөндеу жұмысы 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Жауапты мердігер алматылық компания алғашында іске білек сыбана кіріскенімен, кейіннен құрылыс қарқыны азайған.
– Су тасқыны кезінде жұмысшы аз болды. Су басу қауіпі болған соң, құрылыс материалдарын сыртқа шығарған, – деді мердігер мекеменің өкілі Қанатбек Егембердиев.
Ал білім басқарма өкілдерінің айтуынша, мердігер мекеме кінәлі. Әу бастан компанияның не техникасы, не материалдық базасы болмаған. Кейін қосымша мердігер тартылған. Ал жұмысты сағызша созған мердігерлерді білім басқармасындағылар сотқа берген.
– Білім ордаларын алған мердігер компанияларды барынша толық жауапкершілікке тартып жатырмыз. Өйткені алдағы уақытта жосықсыз құрылыс компанияларын жөндеу жұмыстарынан алшақтату туралы ұсынысты прокуратураға, әкімдікке және тиісті органдарға жолдап отырмыз, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Атырауда 4 мектеп апатты деп танылған. Болашақта олардың орнына жаңа оқу ордасы салынады.
Айта кетейік, келер жылы «жайлы мектеп» жобасы аясында 12 білім ордасының құрылысы аяқталмақ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алмалы ауданындағы аула қолданысқа берілді