Жетісу ауданындағы 326 заңсыз құрылыстың 83-і рұқсат қағазын алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала әкімі Бақытжан Сағантаевтың былтырғы жылы халықпен кездесуінде осы мәселеге ерекше ден қойылған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында үйлерді заңдастыру мәселесі бірте-бірте шешіліп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Қала әкімі Бақытжан Сағантаевтың былтырғы жылы халықпен кездесуінде осы мәселеге ерекше ден қойылған еді. Тұрғындар шаһар басшысына талай жылдардан бері баспаналарына құжат ала алмай жүргендерін айтып, көмек сұраған. Ал, халықтың бұл сұрауы ескерусіз қалмай, шешімін тауып жатыр. Осылайша, бүгінде Жетісу ауданындағы 326 заңсыз құрылыстың 83-і рұқсат қағаздарын алып үлгерген.

Жер телімдерін заңдастыру мәселесі – Жетісу ауданы тұрғындарын көптен мазалаған сұрақ. Қырық жылдан бері баспанасына тілдей құжат ала алмай қиналған халық қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан кездесу кезінде көмек сұраған еді.  

«Бауырларым мүгедек, мен де 2-топтағы мүгедекпін. Бір үйде 3 отбасы тұрамыз. Алматыда тіркеуде болмаған соң,  ешқандай жерге бара алмайсың. Айтсаң тұрақты тіркеу қағазын сұрайды. Құжат жасатайын десең, тұрақты тіркеу қағазын сұрайды», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Талғат ЫСҚАБЕКОВ.

«Алдында Алатау ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде де осындай үйін заңдастыра алмаған адамдар көп болған еді. 1 апта ішінде олардың 500-інің баспанасына құжат рәсімдеп бердік. Сондықтан әр мәселе жүйелі түрде шешімін табады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Көп күттірмей Жетісу ауданындағы жерлерді заңдастыру түйткілі шешімін таба бастады. Әсіресе, Палладин көшесі бойындағы рұқсат құжаттары жоқ үйлер жер комиссиясының қарауына ұсынылған болатын. Ал, арнайы комиссияның тексерісінен кейін 83 үй рұқсат алып, тілімдей құжатқа қол жеткізді. Осы маңда 15 жылдан бері тұратын үш баланың анасы Захидян Селимова бұл мәселенің жуық арада шешілетініне қуанышты.

«Бізде қуанып отырмыз. Құжаттарымызды жөндейді. Біз осы шағын үйде  тұрамыз. Енді үлкен үй саламыз. Балаларымыз үлкен үйде ойнайды», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Захидян СЕЛИМОВА.

«320 үй. Алматы қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қазір жер комиссиясында 60-тан астамы қарастырылды. Оларға 1-2 айдың ішінде мемлекеттік акт беріледі. Ал қалған үйлерді заңдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Жалпы Палладин мен Бұрындай көшелері маңында осындай 326 заңсыз құрылыс бар екен. Олардың қалғанының мәселесі әлі қаралып жатыр.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров