Диас Омаров, Жолдасбек Дуанабай, Берік Ысмайылов: қазақ елі үш бірдей тұлғасынан айырылды

08.07.2020 02:28

Бүгінде қара жамылған шығармашыл қауым үшін марқұмдардың орны ойсырап қалды

almaty.tv

Небәрі үш күн ішінде қазақ елі коронавирустың кесірінен үш бірдей шығармашыл азаматынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

5 шілде күні бар өмірін спорт саласында тілші болуға сарпыған Диас Омаров, 6 шілде күні қазақ басылымдарында елеулі еңбек еткен Жолдасбек Дуанабай қайтыс болып, қазақ журналистикасы қара жамылды. Ал, 7  шілде күні бүгін сән өнерінің сұңқары Берік Исмаилов өмірден озды. Марқұмдардың жақындары таланттардың санаулы ғұмырындағы естеліктерін бөлісті.

Қазақстандағы спорт журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Диас Ілиясұлы екі жақты пневмония дертіне шалдығып, айықпастан 5 шілде күні өмірден озды. Елге танымал спортшы 1940 жылы 20 қазанда дүниеге келген. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған журналист еңбек жолын 1966 жылы Қазтелерадиода бастап, кейін 1998 жылы «Хабар» телеарнасында спорт комментаторы болып қызмет етеді. Мюнхен, Мәскеу, Сидней және Солт-Лейк-Ситидегі Еуропа мен әлем чемпионаттары ойындарынан тыс репортаждар жүргізген Диас Омаровтың дауысы жанкүйерлердің есінде мәңгі қалмақ.

Диас Омаров 1959-1964 жылдар аралығында «Қайрат» командасында жартылай қорғаушы болып ойнаған. Сондай-ақ, қазақ журналистика академиясының академигі болған ол «Советский спорт», «Труд» және республикалық газеттердегі бірталай мақаланың авторы. Бүгінде елге спорт комментаторы ретінде танымал тұлғаның өнегелі өмірі барша журналистер қауымына үлгі болып қала бермек.

«Қазақстандық футбол әлемі танымал комментарынан айырылып қалды. Диас Омаровсыз отандық футболды елестету қиын. Себебі осы спорт түрінің қыр-сырын жақсы білетін. Барлық ойыншыларды жеке танитын. Көбісімен жақын араласып, үйлеріне қонаққа да баратын. Көпке үлгі болған спорт журналисі елімізде кемде кем. Тіпті, ТМД елдерінің ішінде өзі бір төбе десек, қателеспейміз», – деді спорт комментаторы Данияр Кәрімжан.

Ал, 6 шілдеде қазақ басылымдарында елеулі еңбек еткен Жолдасбек Дуанабай өмірден озып, қазақ журналистикасына тағы бір ауыр соққы болды. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналист қай тақырыпты қаузап жазса да, айтар ойы халықпен үндес еді. Шығармашыл өмір жолында Республикалық «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас Алаш» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жолдасбек Дуанабайды әріптестері досқа адал, кішіге қамқор болған азамат еді деп еске алады.

«Жас Алаш» газетінде наурыз айынан бері күні кешеге дейін бірге жұмыс істеп келдік. Жүзеге асырамыз деген көптеген жоспар, ойларымыз бар еді. Жалпы Жүкең өте көңілді, өте сыпайы жігіт еді. Дауыс көтеріп сөйлемейтін, ешкімге ұрыспайтын. Өте көңілді, күлдіргі әңгімелер айтып, сондай бір биязы мінезді жігіт еді. Журналистикасының өзі бір төбе», – деді «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары Сейсен Ұлықбеков.

Сондай-ақ, бүгін қазақ сән өнерінің сұңқары Берік Ысмайылов қайтыс болды. 51 жасында дүниеден озған талантты дизайнер Қызылорда облысының тумасы. Бүгінде елге модельер-конструктор, «Берік Ысмайылов» авторлық сән салонының директоры ретінде белгілі шебер көптеген отандық жұлдыздардың стилисі болған. Қазақ ер азаматтары арасында сирек кездесетін ісмерлік өнері қанмен дарыған дизайнер халықаралық дәрежеде кең танылған сәнгер еді дейді Айжан Нұрмағамбетова.

«Ол тірі болғанда бізге, өз еліне қанша қуаныш әкелер еді. Оның шығармашылығы ұзақ жылдар бойы әлі де жалғасар еді. Берік Ысмайыловтың туған-туысқандарына қайғырып  көңіл айтамыз. Жатқан жерің жайлы болсын! Жаның жанатта болсын, Берікжан!», – деді әнші  Айжан Нұрмағамбетова.

Сән әлемінде 35 жылдық тәжірибесі бар майталман дизайнерліктің құпияларын шәкірттеріне мұра етіп қалдырды. Ал, елде коронавирус өрши бастағанда ол әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін маска тігіп, таратқан болатын. Өкінішке қарай, атақты сәнгер де вирустың ілмегіне ілініп, жұлдызы ерте сөнді. Бүгінде қара жамылған шығармашыл қауым үшін марқұмдардың орны ойсырап қалды. Десе де қоғам игілігіне қызмет еткен қазақ таланттарының есімі ел есінде мәңгіге сақталмақ.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы