Биыл ветеринарлар қаланың 95 мың гектар аумағын 2 кезеңге бөліп, қамтуды көздейді. Тазалауға жер үйлерден бастап, халық көп жүретін саябақтар, арықтарға дейін кіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталмыш шарада әр жеке тұрғын үйге тегін улағыш дәрі беріледі. Бүгін кеміргіштермен күресетін мамандар Медеу ауданына келді. 350 грамм у салынған мынандай пакет әр тұрғынға таратылады. Ал санэпидемиологтардың мұндай тегін тартуынан ешкім де бас тартпайды екен. Дәнге ұқсаған дәрі кеміргіштерге қарсы күресте таптырмайтын дүние дейді мамандар. Тек оны қолданған кезде міндетті түрде сақтық шараларын естен шығармаған жөн. Атжалмандармен күресетін препаратты медициналық қолғапсыз ұстамаған дұрыс. Егер қолға тисе, сумен жуып тастау қажет.
«Жылда келіп осы дәріні таратып береді. Мен он мал ұстаймын да қораның ішінде сол тышқандар кірмесін деп бұрыш-бұрышына сеуіп қоямын. Егуқұйрықтар әлі көп. Бұл жаққа қай жақтан келетіні білмеймін», - деді Мұқан ҚҰРМАНӘЛИЕВ.
Қыркүйекте басталған дератизация қазанның 20-да аяқталады. Қазір бес ауданда жұмыстар толық аяқталған. Енді қалған Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарында жүргізілмек. Дегенмен, қала әкімдігімен келісім-шарт жыл соңына дейін жасалғандықтан, бөлек мобильді топ жұмыс істейді. Онда 2 техника, 16 жұмысшы бар. Мамандар тегін дәрі таратылған кезде үйде болмай қалғандар Полежаева 92 а мекенжайынан алып кетсе болады деп отыр.
«47 мың 330 гектар аумақ жасалынып жатыр. Медеу ауданы қазанның 3-інен 9-ына дейін жасалады. Медеу ауданы бойынша аймақ 10 мың 673 гектар аумақ гектарға. Бір гектарға үш келі химикаттар жобаланған. Сол жоба бойынша таратылып жұмыстар жасалынады», - деді «Дезинфекция» медициналық мекеменің Алматы қаласы бойынша филиал басшысы Бексұлтан ТҰРДАЛЫ.
Жалпы қалада дератизация жасаумен 10 бригада айналысуда. Құрамында 64 маман, 10 техника бар. Кеміргіштерді улайтын дәрінің адам денсаулығына еш зияны жоқ.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, Алматы телеарнасы